Кәсіпкерлер палатасы елорда аумағында жер телімдерін рәсімдеу жұмыстарын жеңілдетуді сұрады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда аумағында жер телімдерін рәсімдеу жұмыстарын жеңілдету керек. Бұл туралы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар, олардың нысаналы мақсатын ауыстыру қажет. Бұл мәселені бірнеше жыл бойы көтеріп келеміз. Жерді рәсімдеу бойынша бірнеше мәселе бар. Ауыл шаруашылығы жерлерін өндіріс саласына ауыстыру үшін қыруар қаражат қажет. Бұл жерлерді пайдалану мақсатын өзгертуді жеңілдету керек. Жергілікті деңгейде бұл учаскелерді белгіленген мақсатқа ауыстыру үшін шамамен 600 миллиард теңге керек екен. Әрине, мұндай қомақты қаражатты табу мүмкін емес», - деді Б.Жолболдиев қаладағы бизнес өкілдерінің Сенат депутаттарымен кездесуі кезінде.

Оның айтуынша, аталған жел телімдері игерілмей жатқанын ескере отырып, оны іскерлік салада пайдаланған маңызды болып тұр.

Атап айтқанда, бос тұрған жердің тапшылығы жағдайында, кәсіпкерлік субъектілері кейіннен жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерте отырып, үшінші тұлғалардан өз бетінше сатып алынған жер учаскелерінде құрылыс жүргізеді. Меншік иесі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджетке төлеуге міндетті.

Қалалық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 1-2 гектар жер учаскесінде аз қабатты тұрғын үй кешенін салған жағдайда, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту құны 33,4 млн теңгеден 267,3 млн теңгеге дейін жетеді.

Инвестор ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын құрылыс салу мақсатында өзгерткен жағдайда (бұл Астана қаласының шекарасын кеңейту кезінде қала аумағына енген жерлер), жер учаскесінің кадастрлық құнын төлеуден басқа, ол бюджетке ауыл шаруашылығы өнімінің шығынын өтеуге міндетті.

Осы орайда ол жер телімдеріне қатысты рәсімдерді жеңілдіту керек екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар