Кәсіпкерлер өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау қаражатына қол жеткізе бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлер Ұлттық қордан өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарды қолдауға бағытталған қаражатқа қол жеткізе бастады. Бұл туралы «Даму» КҚҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

ШОБ-ті қолдау мақсатында Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен алғашқы несиеге Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Globus Plus» ЖШС қол жеткізді. 10 жылдан астам қазақстандық нарықта консервіленген өнімдерді шығарумен және сатумен айналысып келе жатқан кәсіпорынның жобасы «Ресей жинақ банкі» АҚ ЕБ тарапынан қаржыландырылды. Аталмыш қаржылай қолдау нәтижесінде «Globus Plus» компаниясы консервілеу зауытының құрылысын аяқтап, заманауи құрал-жабдыққа ие болмақшы. «Қазіргі уақытта Қазақстанда азық-түлік өнеркәсібін дамыту өте маңызды және «Ресей жинақ банкі» болашағы зор жобаларды қолдауға әрқашан дайын. Аталмыш зауытта қолға алынып отырған замануи технологиялар мен өндіріс стандарты қазақстандық өндірушіні жаңа белестерге жетелейтініне кәміл сенемін», - деп «Ресей жинақ банкі» АҚ ЕБ Басқарма Төрағасы Александр Камалов өз ойын ортаға салды.

Ал «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова несиелік қаражаттың үлестірілу үдерісі жіті бақылауда екендігін айтты.

«Бүгін алғашқы ақшаның кәсіпкерлердің қолына тигендігіне қуаныштымыз. 30 күн дегеніміз кәсіпкерлер үшін өз бизнесінің жағдайын сараптап, қажетті құжаттар жинастырып, несие рәсімдеу үшін жеткілікті деп ойлаймын. Бүгінгі таңда банктерде тағы бірнеше жоба мақұлданды, дегенмен, солардың ішінде кәсіпкерге алғашқы болып несие берген «Ресей жинақ банкі» болды, сол себепті аталмыш банкті шын жүректен құттықтаймын», - деген лебізін жеткізді ол. Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысушы өзге де банктерден несие алуға ниет білдірген тағы жеті жоба мақұлданған. Бұл жобалардың жалпы құны 1 млрд. 245 млн. теңгені құрап отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың 17-сәуірінде «Даму» қоры және қазақстандық 13 екінші деңгейлі банк несиелік келісімшартқа қол қойған болатын. Бұл шарттың аясында кәсіпорындарды несиелеу мақсатында Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд. теңге көлеміндегі қаражат банктерге белгілі бір шарттар аясында орналастырылды. Банктер бөлінген қаржыны өңдеу өнеркәсібі саласында жобаларын жүзеге асыратын шағын және орта бизнес өкілдеріне алты айдың ішінде үлестіруі тиіс.

Соңғы жаңалықтар