Кәсіпкерлер қиындыққа ұшыраса, қайдан көмек сұрайтынын біледі -ҰКП

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына палатаның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға айрықша маңыз берілген. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау жасалса да, аталмыш саланы дамытуда кездесетін кедергілер де аз емес. Кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген мәжілісі осы тақырыпта өтті.

Жиында сөз сөйлеген Т.Құлыбаев «Атамекеннің» соңғы төрт жылда атқарған жұмыстарының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Соның бірі - адам капиталын дамыту. Палата басшысының айтуынша, өткен 4 жылда бизнесті қорғау бағытында 22 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Соның 40%-ы оң шешімін тапты. Нәтижесінде, кәсіпкерлердің 92 миллиард теңгеден астам сомаға бағаланған меншік құқығы қорғалды.

«Кәсіпкерлер палатасы 20 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілерге және заң жобаларына сараптама жүргізді. Мемлекеттік органдар тарапынан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жолдаған ескертулермен ұсыныстардың 73%-ы ескеріліп, қарауға алынды. Мәселен, Ұлттық палатаның араласуымен жаңа салық кодексі әзірленді. Онда шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимдері және қосымша құн салығының шегі сақталған. Осы жылдар ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Ең бастысы, бизнес пен билік арасында дәнекер бола алдық. Мұның сыртында кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында көп жұмыс істелгенін атап өткен жөн. Кәсіпкерлер қандай да бір жағдай туындаса, қайда шағымданатынын біледі»,- деді Тимур Құлыбаев.          

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы облыстағы «Бастау» жобасы түлектерінің жүзеге асырған бизнес-идеялар көрмесімен танысты. Көрмеге жергілікті кәсіпкерлердің киіз үй жасайтын цех, шұбат өндірісі, полимерлік қалдықтарды өңдеу, бал өндіру, суши-роллдарыншығару, рестобардың ашылуы тәрізді тиімді жобалары қойылды.

Айта кетейік, өткен жылы  «Бастау» жобасы бойынша 1255 адам қысқамерзімді курстарда оқып шықты. Олардың 264-і өз ісін ашты. Енді биыл облыстыңбарлық аудандары мен қалаларында 2268 адамды оқыту жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар