Кәсіпкерлер елордалық бизнестің интерактивті порталын ашуды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық бизнестің интерактивті порталын құру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін VI кәсіпкерлер конференциясында Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, жергілікті кәсіпкерлер үшін әдеттегі проблемалар мыналар: шикізат импорты, құрал-жабдық жетіспеушілігі, инфрақұрылымның дамымауы және білікті кадрлардың жоқтығы. Бұл мәселелерді шешу үшін инженерлік желілер мен коммуникацияларды дер уақытында жобалап, кәсіпорындардың құзіретін белсенді арттыруды және мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыруды ұсынамыз», - деді ол.

Ол сонымен қатар, шағын қаржыландыру да проблемаға айналғанын баса айтты. Мәселен, «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының да қаражаты жеткіліксіз болып отыр.

«Жыл сайын шамамен 800 млн теңге бөлінеді. Бірақ, бизнестің қажеттілігі 5 млрд теңгеге жуықтайды. Сондықтан оны бюджетте қарастыруды өтінеміз. Елордада сауда бизнесінің жабылуы жиілеп барады. Біз мұның себептерінің бірі - құзіреттің жоқтығы және қаржыландырудың мардымсыздығы деп есептейміз. Қала шекарасы кеңеюінің қажетті динамикасын ескере отырып, қала төңірегіндегі бизнесті тартуды ұсынамыз», - деді Алмат Жүнісов.

Осы орайда палата директоры бизнестің интерактивті порталын құруды ұсынды.

«Одан кәсіпкерлер қала картасынан инвестицияға не болмаса кооперацияға мұқтаж кәсіпорындардың барлық егжей-тегжейлі сараптамасын көре алар еді. Бұл ұзақмерзімді келешекте бизнеске даму векторын және нақты бір жобаның табыстылығын түсінуге мүмкіндік береді», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар