Кәсіпкерлер елордада бос жер телімдері туралы ақпаратты алудың қиындығын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев Қала құрылысы кодексіне саладағы маңызды мәселелерді шешуге ықпал ететін тетіктерді енгізуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар екенін айтып, бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілгенін ескертті. Сондықтан Үкіметке мүлдем жаңа құжатты, яғни Қала құрылысы кодексін қабылдау тапсырылды. Осы орайда бүгін сенаторлардың қатысуымен өтіп жатқан жиын салада қордаланған проблемаларды шешу үшін тың серпін береді деп үміттенемін. Атап айтқанда, қажет өзгерістер Қала құрылысы кодексінде ескеріледі деп сенеміз», - деді Б. Жолболдиев қаладағы бизнес өкілдерінің Сенат депутаттарымен кездесуі кезінде.

Қалалық Кәсіпкерлер палатасында әр құрылысшы тап болатын негізгі мәселелерді айтылды. Бұл тұрғыда бюджеттен қаржыландырылатын құрылыс нысандары құнының өсуі проблемасы бар. Екіншіден, құны бойынша түзету рәсімі жүріп жатқан құрылыс жобаларын қосымша қаржыландыру үшін қаражат болмай жатады.

Мұнымен қоса, бизнестің бос жер телімдері, бекітілген бас жоспар және басқа да құжаттар бойынша ақпаратқа емін-еркін қол жеткізе алмай отырғандығы сөз болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кәсіпкерлер Құрылысты қолдау қорын құруды ұсынды .


Соңғы жаңалықтар