Кәсіпкерлер бір-бірін неге «лақтырады»

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде «Атамекен» палатасына түсетін арыздардың ішінде кәсіпкерлер арасындағы дауларға қатысты шағымдар аз емес. Олар бір-біріне ақша төлемейді. Тіпті, серіктестік келісімін рәсімдесе де, алаяқтық жолмен әріптестің мүлкін ұрлау фактілері де бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ақылтай Қасымовтың айтуынша, бизнес әріптестер көп жағдайда келісім шарттарына жауапсыз қарайды. Ал, ең бастысы, сол құжаттың әрбір бөлімі мен тармағы жан-жақты қаралмайды. Негізгі мәселелер үстірт жазылады. Соның нәтижесінде екеуінің біреуі өз міндетінен жалтарып кетеді. Артынан сотта да оның кінәсін дәлелдеу қиын.

«Негізі, әлемдік тәжірибе бойынша кез келген компанияның заң бөлімі келісімнің әрбір тармағын зерттеп, бүге-шүгесіне дейін қарап шығады. Ондай келісім бойынша сотта шешім шығару да жеңіл. Себебі бәрі анық жазылған. Кінәлі жақты анықтайсың да, үкімді шығарасың. Бірақ бұл жерде алаяқтық әрекетті анықтау қиын. Ондай әрекет үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Мәселен, бизнесменнің әріптесі ақшасын алып, келісімді орындамай, ол ақшаны басқа жерге жіберсе, онда бұл алаяқтыққа жатады. Дегенмен, оны дәделдеу керек. Ал серіктес ақшаны алғаннан кейін қаржы дағдарысы немесе басқа да жағдайлар болып қалады. Сонда ол алған ақшасын көбейту үшін басқа біреумен келісімге отыруы мүмкін. Осы кезде біріншісі оны сотқа береді. Бірақ ондай істерді азаматтық жолмен қараған дұрыс сияқты», - дейді А.Қасымов.

Сарапшы мамандардың сөзіне қарағанда, отандық кәсіпкерлер арасында құқықтық нигилизм әлі де бар. Соның салдарынан келісімшарттар дұрыс жасалмайды. Ал бизнесмендердің өздері осы мәселеге атүсті қарайды. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП арнайы базаны іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жерде барлық келісімшарттардың үлгісін табуға болады. Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың айтуынша, аталған база келесі аптада іске қосылады. «Сайттың атауы - «Келісімшарттардың конструкторы». Ол жерде 500-ден астам келісімшарттың үлгісі болады. Шағын және орта бизнестің өкілдері кез келген құжаттың үлгісін тегін жүктей алады. Оған қоса, келісімшартты өз ыңғайыңа қарай жасап алуға мүмкіндік бар. Ішінде инструкциялар да болады», - деп атап көрсетті Р.Жүрсінов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің бүгінгі отырысында.

Ал Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің келісімшарт міндеттерін орындай алмауына мемлекеттік органдар да кінәлі. Олар ақшаны уақытында бермейді. Содан бизнесмендер өз әріптестеріне ақшаны төлей алмай жүреді.

«Мәселен, бизнесмен тендерді ұтып алады. Ал мемлекеттік орган оған ақшаны төлемей қойды. Содан бүкіл тізбек кете береді. Кәсіпкер өз әріптесіне ақша бере алмайды. Солай ары қарай кетеді», - дейді Б.Палымбетов.

Осы орайда басқарма төрғасының орынбасары Р.Жүрсінов маңызды бір мәселені еске салды.

«Бізде мемлекеттік органдардың бірінші басшысы ауысса, бірден барлық келісімшарттар жойылады. Әкім, министр болсын, келісімшарттарды лезде бұза салады. Өте қызықты үрдіс...», - дейді Р.Жүрсінов.

Соңғы жаңалықтар