Кәсіпкерлер арасында жер мәселесі ушығып тұр - Атамекен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті билік бұрын берілген жер телімдерін кері қайтарып жатыр. Ал бір жер телімі бойынша бірнеше кәсіпкерге рұқсат қағаздарының қалайша берілгенін ешкім білмейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың айтуынша, жақын арада соттарға жер қатысты даулар көптеп түсе бастайды. Ондай даулардың дені - кәсіпкерлерден жерді заңсыз тартып алу жағдайлары.

«Біздің есебімізге сәйкес, қазіргі кезде жерге қатысты дау-дамайдардың саны 2 593-ке жетті. Ақмола облысында ондай даулар 400-ден асып жығылады. Мәселенің мәні мынада, кодекс бойынша жер телімдері тек аукцион арқылы ғана беріледі. Ал әкімдіктердің көбі ұзақ уақыт бойы жерді аукционсыз беріп келді. Енді, ол жерлерді қайтарып жатыр. 3-4 жыл өтті. Кәсіпкерлер жерді игерді, біраз ақшасын да салды. Бүгінде дәл осы мәселе ушығып тұр. Біз оны сезіп отырмыз», - деді Р.Жүрсінов «Атамекен» ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің бүгінгі отырысында.

ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ақылтай Қасымовтың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде соттарға жерге қатысты арыз-шағымдар көптеп түсіп жатыр.

«Сосын осы ретте бір қиындық туындап тұр. Бір жерге бірнеше кәсіпкердің құқығы бар екен. Ол құжаттар қалай берілді? Он қолмен берілді ме? Сол қолмен берілді ме? Осыны анықтау қиын. Әрине, біз жерге кімнің және қанша ақша салғанына қараймыз. Сол жерде көптен бері істеп жатыр ма? Соған мән береміз», - деп атап көрсетті А.Қасымов.

Айта кетейік, кеңестің бүгінгі отырысында кәсіпкерлер арасындағы келісімшарттарды орындау мәселесі қаралды. Бүгінде «Атамекен» палатасына түсетін арыздардың ішінде бизнесмендер арасындағы дауларға қатысты шағымдар аз емес. Олар бір-біріне ақша төлемейді. Тіпті, серіктестік келісімін рәсімдесе де, алаяқтық жолмен әріптестің мүлкін ұрлау фактілері де бар.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің келісімшарт міндеттерін орындай алмауына мемлекеттік органдар да кінәлі. Олар ақшаны уақытында бермейді. Содан бизнесмендер өз әріптестеріне ақшаны төлей алмай жүреді.

«Мәселен, бизнесмен тендерді ұтып алады. Ал мемлекеттік орган оған ақшаны төлемей қойды. Содан бүкіл тізбек кете береді. Кәсіпкер өз әріптесіне ақша бере алмайды. Солай ары қарай кетеді», - дейді Б.Палымбетов.

Осы орайда Р.Жүрсінов маңызды бір мәселені еске салды.

«Бізде мемлекеттік органдардың бірінші басшысы ауысса, бірден барлық келісімшарттар жойылады. Әкім, министр болсын, келісімшарттарды бірден бұза салады. Өте қызықты үрдіс...», - дейді Р.Жүрсінов.

Соңғы жаңалықтар