Кәсіпкерлер Алматы облысының игерілмеген жерлеріне 100 млн АҚШ долларын жұмсауға ынталы - А. Есімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жерді пайдалану мәселесі бойынша Алматы кәсіпкерлері облыспен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Қалалық кәсіпкерлер мен екінші деңгейлі банктер Алматы облысының игерілмеген жерлеріне 100 млн. АҚШ долларын жұмсауға ынталы.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі барысында қала басшысы Ахметжан Есімов айтты.

Шаһар басшысы еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуы мемлекет назарында екенін атап өтті. Алматыда игерілмеген жерді тиімді пайдалану мәселесі бойынша облыспен бірігіп жұмыс істеуі үшін қажет технологиялар мен қаржы жеткілікті.

«Жерді пайдалану мәселесі бойынша Алматы қаласы облыспен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Алматылық кәсіпкерлер, екінші дәрежелі банктер облыстың игерілмеген жерлеріне 100 млн. АҚШ долларын жұмсауға қауқарлы. Бұл жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етеді», - деді Ахметжан Есімов.

Одан өзге, Алматы қаласы мен облыс әкімдері аймақтағы ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне байланысты бірігіп үлкен жиналыс өткізуді жоспарлады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматыда облыстық шаруалар ұсынған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындары 45-тен астам азық-түлік түрлерін нарықтағымен салыстырғанда 15-20 пайызға төмен бағада сатып алды.

Тауар сапасы мен баға деңгейін Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен облыс әкімі Амандық Баталов тексеріп шықты.

Жәрмеңкеде қала тұрғындары үшін 80 тонна ет өнімдері, 85,5 тонна жеміс-көкөністер, 17 тоннадан астам сүт өнімдері ұсынылды. Жалпы, Алматы облысының 16 ауданы мен 3 қаласынан келген фермерлер алып шаһарға 218 тонна азық-түлік әкелген.

Соңғы алты жыл бойы Алматыда азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақты қалыпта сақтау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар