Кәсіпкерден пара алған Алматы жылу желілерінің басшылығына 2 млрд теңге айыппұл салынды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Медеу ауданының №2 соты пара алғандарға үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Антикорға сілтеме жасап.

Согт үкімімен «Алматы жылу желілері» ЖШС бас директоры К. Бейсенбиновке 560 млн теңге сомасында айыппұл, осы компанияның бас инженері Д. Қазымбетовке 560 млн теңге сомасында айыппұл, «Алматы жылу желілері» күрделі құрылыс басқармасының бастығы С. Джингильбаев 560 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС директоры Б.Разимбековке 400 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы сомасы - 2 млрд 80 млн теңге. Бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең.

«Алматы жылу желілері» лауазымды тұлғаларына Алматы қаласында жылу желілерін қайта құру туралы шарт бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша аударғаны үшін Б. Разимбековтен 16 млн теңге сомасында пара алды деген айып тағылған еді.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады (сот үкімі заңды күшіне енген жоқ).


Соңғы жаңалықтар