Кәсіпкер жұмысшыға арнап ауылда үй салса, мемлекет шығынның 50% қайтарады – ҚР Президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұмысшыларға арнап ауылда үй салған кәсіпкерлерге шығынның 50 пайызы қайтарылады. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-інші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауылдық жердегі тұрғын үй мәселесін шешу – аса өзекті міндет. Жеке шаңыраққа ие болған жастарымыз ауылда тұрақтап қалудан қашпайтыны анық», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін шешумен қатар, экономикалық белсенділікті арттыруға әрі тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізетінін атап өтті.

«Сондықтан мемлекет барынша қолдау көрсетуге тиіс. Баспана мәселесі «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауакершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы. Жұмысты дұрыс жолға қоя алсақ, осы бастама ауылды дамытуға жан-жақты септігін тигізеді. Сондай-ақ қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді. Үкімет бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуі керек», - деді Президент.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтіп жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.
Соңғы жаңалықтар