Кәсіпкер Ұлытауда еркін экономикалық аймақ құруды ұсынды

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Белгілі кәсіпкер, Ұлттық құрылтай мүшесі Сырымбек Тау жаңадан құрылған облыстарды дамыту туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Мен жаңадан құрылған 3 облысқа бір-бір ұсыныс жасар едім. Бір облысымызды Білім облысы қылып, әлемнің озық университеттерін осы жерге ашсақ. Екінші бір облысымызды Денсаулық облысы қылып, үздік ауруханалды әкеп сонда орнатсақ. Қазір білесіздер көптеген қазақстандықтар мұқтаждықтан шетелге барып емделуде», - деді құрылтай мүшесі.

Сондай-ақ ол Ұлытауда шағын және орта өндірісті дамытуды ұсынды.

«Үшіншіден, осы Ұлытау облысындағы бір ауданды немесе бір қаланы экономикалық еркін аумаққа айналдырсақ. Оны 2025 жылға дейін салықтан босатып, кәсіпкерлерді жаппай осында шақырып, кіші және орта өндірістерді көбейтсек деп ойлаймын», - деді кәсіпкер.

Айта кетейік, Президент Ұлытау облысындағы жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.

Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды.

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.

Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар