Кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен кәсібін кеңейте түсті-Қызылорда
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған медициналық институт түлегі Дина Сүлейменова кейіннен жеке бизнесін бастап, өзінің офтальмологиялық орталығын ашты. Бұл саланы қолға алу барысында жолдасы көмектесіп, толықтай қолдады және бүгінде танымал «Шырақ» клиникасын олар бірге басқарып келеді.
«Көз қорқақ, қол батыр» деген сөздің жаны бар, жаңа бизнес бастайтын кезде барлық адамда қорқыныш туындайтыны рас. Ең бастысы біз кедергілерден өтіп, клиника жұмысын жөнге қойдық. Бүгінде орталығымызда кеңес беруден бастап көздің кемшілігін түзетуге дейінгі біршама қызмет түрлері көрсетілуде. Біздің басты құндылығымыз жұмыс жасайтын білікті мамандарымыз деп білемін. Орталық тек жоғары санаттағы сапалы қызмет көрсететін білікті мамандардан құралған. Осының арқасында біз өз емделушілеріміздің сенімінен шығып, клиникамыз аймақта үнемі үздіктер қатарынан көрінуде,- дейді Дина Сүлейменова.
Өткен жылы кәсіпкерлік қызметін дамыту үшін Дина «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 14% үстемемен несие рәсімдеді және пайызды субсидиялау бағдарламасының көмегімен кәсіпкердің несие ауыртпалығы 2 есеге төмендеді.
«Несие қаражатын клиникада ұсынатын қызмет түрін көбейтуге мүмкіндік берген көздің микрохирургиясына арналған ең соңғы үлгідегі жоғары технологиялық хирургиялық құрылғы сатып алуға жұмсадық. Біздер осыған дейін науқастарға диагностика жасап, тексеруден өткізген соң хирургиялық ем алуы үшін басқа қалаға жолдайтынбыз, қазіргі таңда қол жеткізген жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен ота жасайтын арнайы кабинет ашып, шел басқан көздерге микрохирургиялық әдіспен ем жасаймыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз бизнесті дамыту бойынша өз жоспарымызды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын аштық. Біздің басты мақсатымыз - тұрғындарға сау көз жанарын сыйлау- дейді Дина Сүлейменова.