Кәсіпкер «БЖК-2025» бағдарламасының бизнес үшін баға жетпес қолдау екенін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Мемлекеттік грант иегері Тұрсынбек Дегенбаев Президенттің «БЖК-2025» бағдарламасын қабылдау туралы ұсынысы көптеген кәсіпкерлердің көңіліне үміт отын жаққанын айтты.

Тұрсынбек Дегенбаев - елімізде жіп өнімдерін жасайтын жалғыз адам.

2016 жылы кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 млн теңге жеңіп алған еді. Бұл қаражатқа жіп иіру аппаратын алып, бизнесінің өрісін кеңейтті. Қазірде үш машинамен жұмыс жасап отыр. Оның айтуынша, осы кәсіп түрімен айналысуына ата-анасы түрткі болған.

«Ата-анам мал баққан адамдар. Мал шаруашылығы үшін арқан өте қажет зат екені бәріне белгілі. Анам шаруашылыққа керек арқандарды қолмен аттың жалынан есетін. Әйел адамның қолы нәзік болғандықтан, жарылып кететін. Үнемі қасында көмектесіп жүргендіктен анамның қолының жараланып, ауырғанын көріп, жаным ашып «өскенде ең бірінші арқан есетін машина ойлап табамын» деп өзіме сөз бердім. Осы қиындықты бүкіл ауыл шаруашылығындағы қазақ малшылары көрді деуге болады. Бүгінде сол бала кездегі арман-мақсатым орындалды», - дейді кәсіпкер.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында байқауға қатысып, жобасын ұсынамын деген талапкерге шектеу жоқ. Кәсібі бар кез келген азамат мемлекеттік грантқа қол жеткізе алады.
null 

«Мен грант туралы БАҚ арқылы білдім. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашылғаннан бері осы кісілердің жұмысын зерттеп жүрдім. Алматы қаласы индустриалды-инновациялық басқармасында аймақтық үйлестіру кеңесі менің бизнес-жоспарымды  мақұлдап, грант берді. Елбасының осы бағдарламаны одан әрі жалғастыру туралы айтқанын қуана қабылдадым. Бұл мен сияқты көптеген адамдарға мүмкіндіктер есігін ашады», - деді Т.Дегенбаев.

Айта кету керек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін созу керектігін айтты.

Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институтымен, сондай-ақ белгілі ғалымдар тобымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерделей отырып, еліміздің аумақтық-кеңістіктік ұйымдастырылуын жетілдіру жөнінде талдамалық зерттеу жүргізіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар