Кәсіпкер болғысы келетін әйелдерге арналған байқау жарияланды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде әйелдер кәсіпкерлігі академиясының бағдарламасына қатысушыларды іріктеу жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқауға Түркістан, Жамбыл, Жетісу немесе Алматы облыстарында тұратын 21 мен 35 жас аралығындағы Қазақстан әйелдері шақырылады. Өтініштер 2022 жылдың 4 тамызы сағат 12:00-ге дейін қабылданады.

Нарықтық экономикаға көшу барысында Қазақстан экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің бірін кәсіпкерлік деп таныды. Елімізде шағын және орта бизнес дамыған жағдайда орта тап қалыптасып, жаңа жұмыс орындары ашылып, ішкі бәсекелестік күшейеді. Мұның бәрі ақырында азаматтардың өмір сүру деңгейіне оң әсерін тигізеді. Дегенмен дамыған бизнес секторын құру үшін гендерлік теңдік мәселесі өзекті болып қала береді. Оның жетістігі туралы айту әлі ерте болса да, әйелдер кәсіпкерлігі қазірдің өзінде ұлттық экономика мен еңбек нарығында маңызды рөл атқарады. Дәл қазір еліміздің экономикалық белсенді халқының 48%-ға жуығын қазақстандық әйелдер құрайды.

Кәсіпкер әйелдер республиканың жалпы ішкі өнімінің 40%-ға жуығын құрайды және миллионнан астам қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Гендерлік теңсіздік мәселесі шешілгендей болғанымен, бірақ алшақтық сақталуда. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ер адамдар әдетте әйелдерге қарағанда 22%-ға жоғары жалақы алады. Ал коронавирустық пандемия мен оның салдарынан әйел кәсіпкерлер табысының 64%-дан астамынан, ал ерлер 52%-дан айырылды.

Сондықтан Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында бірқатар бағдарлама мен жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар гендерлік алшақтықты азайтуға және жалпы экономика мен бизнестің дамуына жағымды әсер етуге бағытталған.

Осындай құралдардың бірі Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру бағдарламасы болып табылады. Әйелдер кәсіпкерлігі академиясы (AWE) бағдарламасы АҚШ Мемлекеттік департаментімен құрылған. «Астана» халықаралық қаржы орталығының W4E орталығы бағдарламаның серіктесі атанды.

Бағдарлама 80-нен астам елде жұмыс істейтін жаһандық жоба болып табылады, әйелдерге жаңа бизнесті ашу және бар бизнесін кеңейту үшін қажетті білім, дағдылар және таныстықтарға жол ашады. Бағдарлама бойынша қазірдің өзінде әлемнің түкпір-түкпірінен 16 мыңнан астам әйел оқудан өтіп, өз жобаларын сәтті жүзеге асыруда. Олар үшін арнайы қауымдастық құрылды, ол арқылы түлектер бизнес құруда жеке тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстарды дамыта алады.

26 елдегі 1000-нан астам AWE түлектері арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, бағдарлама аяқталғаннан кейін 74%-ы табыстың, 44%-ы өнім немесе қызмет ұсыныстарының артқанын және 29%-ы қызметкерлер санының артқанын хабарлады. Бұның барлығы COVID-19 пандемиясы кезінде болды.

Қазақстанда оқыту қазақ тілінде арнайы әзірленген DreamBuilder онлайн платформасында өтеді. Қатысушылар өз бизнесін құру бойынша практикалық дағдылар мен білім алады, сондай-ақ ағылшын тілі мен қаржылық сауаттылық дағдыларын жетілдіреді.

Бағдарламаға Түркістан, Жамбыл, Жетісу немесе Алматы облыстарында тұратын 21 бен 35 жас аралығындағы әйелдер қатыса алады. Конкурстық іріктеуден өткен 100 қатысушы екі топқа бөлініп оқитын болады. Бірінші топ – кәсіпкерлік тәжірибесі жоқ әйелдер болса, екіншісі – белгілі бір деңгейде іскерлік дағдылары бар қатысушыларға арналған.

Бағдарлама соңында үздік нәтиже көрсеткен 10 қатысушы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін финалдық шараға қатыса алады, сонымен қатар Coca-Cola Қазақстан қолдауымен 1000 АҚШ долларына тең грантқа ие болады. Бағдарлама «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Толық ақпаратты осында қараңыз. 2022 жылдың 04 тамызы сағат 12:00-ге дейін сілтеме бойынша өтінім беру арқылы оқытуға қатысуға үлгеріңіз.


Соңғы жаңалықтар