Кәсіпкер Бақыт Атайбеков: Мемлекеттен қолдау сұрау үшін алдымен әрекет жаса

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылдан бастап елімізде астық алқаптарын бірте-бірте азайтып, арпа, рапс, жүгері сияқты майлы дақылдарды көптеп өсіру көзделіп отыр. Сөйтіп, жылда бидайды рәсуа қылмай, ішкі нарықты басқа өнім түрлерімен толтыру қажет. Бұдан бөлек, майлы дақылдардың арқасында комбикорм сияқты мал азығын көбірек өңдеп отыруға болады. Соның арқасында малдан алатын ет те, сүт те молынан шығады деген жоспар бар. Алматы облысының кәсіпкері Бақыт Атайбеков қазірдің өзінде осы бір өнім өндіру тізбегін толығымен іске қосып, астық, арпа, жүгері және тағы басқа майлы дақылдарды өсіріп қана қоймай, бәрін өз шаруашылығында өңдеп, онымен асыл тұқымды малдың өнімділігін көтеріп отыр. Бүгінде Б.Атайбеков агроөнеркәсіптің жем-шөптен бастап ет базарына дейінгі тізбегінің ұңғыл-шұңғылын бүге-шүгесіне дейін біледі. Ал жұмыспен қамту бағдарламасын ауыл шаруашылығы саласына қарай бұру қажет деп санайды. Кәсіпкер мемлекеттік субсидиялардың қазіргі машақатын да жақсы біледі. Осы әңгімелер төңірегінде «ҚазАқпарат» тілшісі кәсіпкермен сұхбаттасқан еді.

- Бақыт Ынтықбайұлы, жаңа бағдарлама аясында бес жылдың ішінде астық алқаптарын екі миллион гектарға азайтып, соның орнына майлы дақылдарды көптеп өсіру көзделіп отыр. Сіздің осы іспен айналысып жатқаныңызға біраз уақыт болды. Қалай ойлайсыз, ертең Ақмола, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының диқандары қиналып қалмай ма?

- Енді, қазіргі жағдайды өзіңіз көріп отырсыздар, бидайды жылда егеміз, бірақ ауа-райының қолайсыздығынан астық қардың астында қалып жатады. Сосын бидай көп шыққанда баға төмен болып тұрады. Ал бидайдың орнына майлы дақылдарды егудің бірден-бір себебі, оның әрбір тоннасынан 500-800 доллар көлемінде пайда табуға болады. Дегенмен, майлы дақылдарды егу технологиясы өзгеше. Оның шығыны да аз болмайды. Соған қарамастан ол шығындар ақталады. Мәселен, үшінші сұрыпты бидайдың бағасы 60 теңге болса, сояның құны - 150 теңге. Сондықтан әрбір шаруашылық табыс көзіне қарай майлы дақылдың түрін еге алады. Мысал ретінде айтар болсақ, Алматы облысында, көбінесе, соя егеді. Одан кейін жүгері бар. Оның бағасы - 70 теңге. Ал көктемде ол екі есеге өседі. Сол себепті әр шаруашылық жердің құнарына қарай, қаржылық жағдайына қарай өзіне тиімді бір дақылды егеді деп ойлаймын. 

Негізі, оңтүстікпен салыстырғанда, солтүстіктің жері жақсы, құнарлы болып келеді. Сондықтан технологияны дұрыс қолданса, өнім де жақсы шығады. Техниканы да ауыстырудың қажеті жоқ. Сол комбайн, сол трактор. Тұқым сепкішті ауыстырса болғаны. Енді, бәрі шаруашылықтың басшысына байланысты ғой.

Жақсы, майлы дақылдарды өсірдік дейік. Енді, оны бір жерге сату қажет қой. Шаруаларға сатып алушыларды іздеп, тауып қою керек. Солай ма?   

- Мемлекет жаңа өнімді Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы сатып алады деп ойлаймын. Аталған ұйым көктемде бюджет ақшасын арзан бағамен береді. Сосын күзде өнімді нарықтық бағамен жинап алады. Ал өкіметтің бағасы аз болса, фьючерлік келісіммен сатуға болады. Бірақ бүгінде диқандардың көбісі өз өнімдерін Азық-түлік келісімшарт корпорациясына сатады. Себебі оның құрамында элеваторлар, кептіру алаңдары  сияқты техникалық мүмкіндіктері көп. 

- Тұқым мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?

- Біз күріш пен жүгері тұқымын Ресейдің Краснодарынан аламыз. Себебі ауа райы ұқсас. Әрине, тұқымды Қызылордадан алуға болатын еді. Бірақ ол жақта өнім ұзақтау піседі. Бізге болса, бір ай бұрын піскені керек. Ол жағынан Алматы облысына Краснодардың тұқымдары келеді. Жүгерісі де, күріші де. Ал Талғарда егетін сояның тұқымдарын өзімізден сатып аламыз. Сосын қазір елімізде тұқым шаруашылықтары бар. Олар тұқым сатады. Сол үшін субсидия алады.

Алматы облысында жүгері көптеп өсіріледі. Алайда дүкенге барғанда «Қазақстанда жасалған» жүгеріні көрмейміз?.. 

- Енді, біздің бағытымыз басқа. Біз өз жүгерімізден мал азығын, сүрлем жасаймыз. Себебі 12 000 бас ірі қарамыз бар. Соның ішінде 5 000 басты жемдеп отырамыз. Оның сыртында тағы 20 000 етті меринос қой бар. Сол себепті біз жүгеріні сату үшін емес, мал азығы үшін егеміз.  

Мал демекші, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып жатқаныңызды да білеміз. Осы біз шетелден мал тасып, не ұттық? Қазір нақты бір нәтиже бар ма? Ғалымдардың айтуына қарағанда, малды осы жерде будандастырғанмен ол бірден асылданып кете қоймайды...

- Әлі есімде, тоғыз жыл бұрын біз бірінші болып Қазақстанға мал әкелдік. Герефорд деген етті әрі сүтті тұқымның 268 басын АҚШ-тың Техас деген жерінен жеткіздік. Себебі ол жақтың климаты біздікіне ұқсайды. Сосын екі жылдан кейін ол малды сол кездегі ауыл шаруашылығы саласының басшыларын шақырып, 700 басқа дейін өскен малымызды көрсеттік. Сол жерде мен шетелден мал әкелу қажеттігін айттым. Өйткені егемендік алғанда совхоздың бәрі тарап, малдың тұқымын құртып алдық. Содан ұсынысымды қолдады. Артынан мемлекеттік бағдарлама даярланып, 159 000 бас асыл тұқымды малды сырттан әкелетін болды. Иә, бас кезінде үлкен айқай-шу болды. Академик ағаларымыз қарсы шықты. Енді қараңыз, қазіргі кезде біз асыл тұқымды малды 7 000 басқа дейін көбейттік. Мысалы, қазір біз мериносты өсіріп жатырмыз. Оны бүкіл Қазақстан бойынша іздедік. Сосын Омбыға, тіпті Волгоградқа дейін бардық. Қырғызстанды шарладық. Айналып келгенде Австралиядан таптық. Биыл бірінші рет сонымен будандастырып жатырмыз. Оның несі жаман? Ертең 7 келі жүн, алты айда 18 келі ет берсе, жақсы емес пе?

- Бүгінде асыл тұқымды ұрық күйінде алып келген тиімді деп жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?

- Қазір тірі мал алып келіп жүрміз. Ал, шын мәнінде, ең тиімді жолы - эмбрионмен әкелу. Сөйтіп, қолмен ұрықтандырған дұрыс. Мен бұны төрт жыл бұрын айтқанмын. Бірақ бізде кәсіби маман жоқ. Қазір ауыл шаруашылығы саласында кім жүр? Бұрынғы қаржыгер, бұрынғы судья, прокурор және тағысын тағы. Мамандығы басқа, қазақтың табиғаты малға жақын болғаннан кейін бәрі - осы салаға қайтып келгендер. Мен өзім - банкирмін. Бірақ бізді үйретіп жатқан ешкім жоқ. Мен фермерлер мектебін ашайық деген ұсыныс жасағанмын. Сол жерде бәрімізді ауыл шаруашылығының шеберлігіне үйретуге болатын еді. Әйтпесе, қазір "Жұмыспен қамту - 2020" деген бағдарлама бар. Бірақ төрт жылдың ішінде қанша маманды даярладық? Ешкім білмейді. Халық жұмысқа тұрғысы келсе, "Бар, шаштаразға оқып кел!" дейді, я болмаса, электрик оқуына жібереді. Алайда түптің-түбінде ол шаштаразың да, электригің де ауылға қажет емес. Бізге агроном керек, зоотеxник керек, ветеринар керек. Міне, осы мамандықтарды жұмыспен қамту бағдарламасына енгізсе ғой. Менің де оқығым келеді. Сол үшін 50 пайызын да өтеуге әзірмін.

- Енді, асыл тұқымды малды эмбрионмен алып келу үшін тағы бір бағдарлама қажет пе?

- Жоқ, оған бағдарламаның қажеті жоқ. Негізі, бүгінде бағдарламалар көп. Мемлекет басшысы тарапынан да, үкімет жағынан да сан алуан қолдау шаралары жасалады. Субсидияны да беріп жатыр. Былайша айтқанда, бізді ғарышқа ұшыру ғана қалды. Ғарыш кемесі де тұр. Бірақ біз оны басқара алмаймыз. Оған біліміміз жетпейді. Сол себепті кәсіби маман тапшылығы салдарынан қазіргі жағдайды тиімді пайдалана алмай отырмыз.

- Ауыл шаруашылығы министрлігінде агроөнеркәсіп бағдарламасын таныстыру барысында "асыл тұқымды малды шетелден тасып әкелуді тым ерте бастадық" деген бір пікірді естіп қалдық. Себебі бүгінде ол малды семіртіп отыруға қажетті жем-шөп дайындау тізбегі реттелмеген. Комбикорм зауыттары жартылай істейді. Қыста комбикорм қымбат. Содан малға кететін шығын көбейеді. Жаңа бағдарлама аясында майлы дақылдарға ауысудың тағы бір себебі осы дейді...

- Мен ол пікірмен келіспеймін. Өйткені қазір бізге қанша субсидия, қаншама ақша беріп жатыр. Бәрі адамның өзіне байланысты. Мысалы, бізде комбикорм зауыты істеп тұр. Бізге жетіп жатыр. Алатын адамдар да келеді. Көбісі қалай жасайды? Үйінде "дробилкасы" бар. Соны тракторға қосып алады да, өзіне қажетті комбикормды тартып алады. Бәрінде бар. Сондықтан "жем-шөпті реттеп алмай, малды әкелгеніміз ерте болды" деп айтқан дұрыс емес. Ал білмейтін адам болса, малға жоламай-ақ қойсын. "Ойбай, үкімет маған ананы бермеді, мынаны бермеді", - дейді. Әй, алдымен өзің еңбек қылсайшы. Жұмыс жаса, содан кейін сұра.

- Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы сауда орындарын ашып, сол жерде етті делдалсыз xалыққа өз бағасымен сатуға болады деді. Қалай ойлайсыз, бұл бастама іске аса ма? Жоқ, әлде қағаз жүзінде қала ма?

- Қазақстанда екі үлкен базар бар. Қайсы екенін айтпай-ақ қояйын, дәл сол базарлар ет бағасының барометрі іспетті. Базарға барасың, сататын жерге жеткенше сені бәленбай адам тоқтатып, етті толығымен сатып алуға ұсыныс жасайды. Базарға кірмейсің де, ақшаңды санап береді де бәрін алып кетеді.

Меніңше, үлкен қалаларда ірі сауда орталықтарының жанынан бөлек бір орындар ашу қажет. Ол жердің ақысын қала мен облыс әкімдігі бөліп төлесін. Содан барлық аудандарды кезекпен шақырып, еттерін делдалсыз сатуға әбден болады. Ал бізде қалай? Бәрін сатып алады. Етті кеседі. Сосын әдемілеп тұрып қаптайды да, Рамстор мен Мегаларда удай бағаға сатады. Ал ол еттің жартысы - сүйек. Күріш те солай. 130 теңгеге береміз, базарда 200 теңгеден сатады. Картопты 44-тен алады, базарда 80 теңгеге сатып отырады. Еттің делдалдары қалай істейді? Ауылға барады да, сол жерден бір келісін 800 теңгеге алып кетеді. Ауыл адамдары қалаға апарғанша осылай бере салғаным жеңіл деп, көп қиналғысы келмейді. Ал делдалдар оған тағы 300 теңге қосады да, бір тоннасын сатса, қалталарына мың долларды басып алады.

- Жаңа бағдарлама аясында шағын шаруа қожалықтарын біріктіріп, кооперативтер арқылы отандық өнімді көптеп шығару жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап мемлекеттік субсидиялар да тең беріледі. Субсидияның көлемі жағынан өзгерістер болса, сіз сияқты ірі фермерлер қиналып қалмай ма?

- Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншіден, шағын кәсіпкерлерге субсидиялар берген дұрыс. Бірақ маған салса, несиенің мөлшерлемесін азайтып, мерзімін ұзартса, субсидияны мүлдем алмайтын едім. Бұл жақсы жеңілдік болатын еді. Мәселен, қазіргі кезде сүттің бір литрі үшін 25 теңге субсидия беріледі. Алайда оны бірден айдың соңында ала алмайсың. Бюджеттік комиссия бар, басқасы бар. Сөйтіп, алты-жеті айға созылып кетеді. Бізге жазда шөп дайындау қажет. Баға арзан болып тұрғанда жем әзірлеу керек. Ал субсидияны тым кеш, қар түскен кезде береді. Ондай субсидияның пайдасы бар ма? Одан да 19 пайыздық несиені 7 пайызға түсіріп берсін. Қалған субсидияны алып тастаса да болады. Оны қаншама күтесің. "Дамуға" барсаң, ақша жоқ дейді. Қазагромаркетингке барсаң, комиссиядан қалып қойдың деп айтады. Содан ауданға барасың, аудан облысқа барады. Ойбай, анау қағазың дұрыс емес деп шығады. Ақшаны алсаң, тексеру келеді, қаржы полициясы келеді, прокурорлар келеді. Сонан кейін жүресің. Машақаты көп. Одан да несие бойынша жеңілдік жасасын, қалғаны қажет емес. Әйтпесе, үкіметтен алып жатырмыз, алып жатырмыз. Субсидияның орнына несиені жеңілдетсе, көбісі келіседі деп ойлаймын. Жемқорлық та болмайды. Ел де тыныш. Жалпы, субсидия жемқорлыққа түрткі болып отыр. Ескерте кетейін, бұл - менің жеке пікірім. 

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар