Кәсіпкер әйелдер белсенділігі арта түсетін болады - шекаралас аумақтар форумы

None
None
ОРАЛ. 18 шілде. ҚазАқпарат - 18 шілде күні Оралда «Кедендік одақтағы әйелдердің бастамалары» атты шекаралас аумақтар форумы аяқталды.

Екі күнге созылған форум аясында өткен «Шекаралық аймақтағы әйел кәсіпкерлердің инновациялық іскерлік тәжірибесі» атты пленарлық пікірталасқа ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Пікірталаста нарықтық экономикада ерекше маңызға ие шағын бизнесті дамытудың мәселелері сөз болды. Кәсіпкер әйелдер шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік, республикалық және аймақтық бағдарламалары аясында қол жеткізген жетістіктерін ортаға салды.

Кәсіпкерлікті дамытудағы әйелдердің ықпалы туралы сөйлеген ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталды. «Соңғы жылдары Қазақстанда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлер соңғы жылдары мемлекеттік қолдауды алатынына көздері жетіп, өнімдерін көбейтіп, табыстарын молайтуда. Соның ішінде кәсіпкерлікте әйелдердің орны ерекше. Елімізде субсидия алғандардың әрбір бесіншісі, ал бизнеске оқыту бағдарламасында әрбір екінші қатысушы әйелдер болып отыр. Қонақүй, сақтандыру компанияларында, сауда, халыққа қызмет көрсету саласында әйелдердің үлестері өте жоғары. Бүгінде елімізде 800 мыңдай белсенді кәсіпкер бар. Бүгінгі таңда біз мемлекеттік қолдау алмаған, бизнесті жаңадан бастағандарға қолдау көрсетуге ден қойып отырмыз», - деді Бақытжан Құрманбайұлы.

Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенконың төрағалығымен Жайық өзенінің жай-күйін талқылаған ««Жасыл экономикаға» өтудің өткір мәселелері мен келешегі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің департамент директоры Гүлмира Серғазина «Су алабын бірлесіп қолданудың жаңа моделі», «Қазақстанның жасыл экономикасын қолдау коалициясы және G-Global-ды дамыту» ЗТБ-ның ғылыми және жаңа технологиялар директоры Сергей Ивлев «Шекаралас аймақтардың мәдени байланыстарын дамыту», ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Тастанбек Есентаев «Шекаралас аймақтарда туризмді дамыту», Орынбор облысының мәдениет және сыртқы байланыстар министрі Виктор Шориков «Шекаралас аймақтарда спорттық жарыстарды дамыту» тақырыптарында баяндама жасады. Отырысқа қатысушылар «Осы іс-әрекеттердің барлығы келешек үшін» дей келіп, жастар мен балалар мәселесін де назардан тыс қалдырмады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жастар ісі жөніндегі комитетінің басқарма төрайымы Гүлнәр Оралова «Туризмді дамыту тәжірибесі» баяндамасында бірқатар өзекті мәселелерді сараптады. Ал Волгоград облысындағы «Царица» ААҚ директоры Людмила Бондаренко мен БҚО жасөспірімдер мен балалар туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фоминнің шекаралас аймақтарда балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі ойлары бір арнаға тоғысты.

Отырыста ұзындығы 2,5 мың шақырым Жайық өзенінің 80 пайыздай су қоры Ресей жерінде жинақталатынын, сол себепті өзеннің хал-ахуалы судың төменгі ағысындағы Қазақстанның экожүйесіне тікелей әсер ететіні айтылды. Мамандардың айтуынша, Жайықтың су ағысы жылына 5-7 текше шақырым көлеміндей азайып келеді. «Бұдан да азаятын болса, өзен аймағында қалпына келуі қиын экологиялық өзгерістер, одан әрі апаттық жағдай орын алады», - деді ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің департамент директоры Гүлмира Серғазина. Ол су деңгейінің азаюының бірнеше себептерін айтып өтті: «Бірінші - климаттық факторлар. Кей жылдары судың деңгейі айтарлықтай төмен болады. Дегенмен, Еділ өзенінде ондай факторлар байқалмайды. Екіншіден, су деңгейі қатты реттеледі. Дәл қазір өзеннің Ресей жеріндегі жоғарғы ағысында 4 млрд. текше метрден астам су жиналатын 3 ірі су қоймасы бар. Үшіншіден, егін, орман шаруашылық мақсаттарына байланысты да өзеннің жағдайы нашарлап отыр». Кезінде Арал теңізі дәл осындай себептермен құрып кетіп еді. Біздің ел қанша қаржы бөліп, түрлі жобалар ойластырғанымен, судың төменгі ағысында отырғандықтан, барлық мәселені шеше алмасы анық. Кәрі Жайық Аралдың тағдырын қайталамас үшін екі елдің бірлескен іс-әрекеттері керек-ақ.

«Кедендік одақтағы әйелдердің бастамалары» атты шекаралық аумақтар форумы шеңберінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Қазақстан жас кәсіпкерлері қауымдастығының облыстық филиалы мен Ресей жас кәсіпкерлері қауымдастығы Самара аймақтық бөлімшесі өкілдерінің кездесуі де болды.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Серік Молдағалиевтің атап өткеніндей, бұл басқосудың мақсаты - көршілес екі облыстың жас кәсіпкерлерін екі аймақтың экономикалық-әлеуметтік ынтымақтастығын нығайтуға тарту, жас кәсіпкерлердің үздік жобалары бойынша тәжірибелерін насихаттау.

Кездесу барысында Ресей жас кәсіпкерлері қауымдастығы Самара аймақтық бөлімшесінің өкілі Андрей Сапожников, Қазақстан жас кәсіпкерлері қауымдастығының өкілі Дәурен Сатқанов және тағы басқалары өз пікірлерімен бөлісті.

Кездесудің соңында Қазақстан жас кәсіпкерлері қауымдастығының облыстық филиалы мен Ресей жас кәсіпкерлері қауымдастығы Самара аймақтық бөлімшесі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

«Кедендік одақтағы әйелдердің бастамалары» атты форумның қорытындысы іспеттес «Интеграциялық процестерді күшейтуде азаматтық қоғамның рөлі және «жасыл экономика» мен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға жағдай туғызу» тақырыбында пленарлық пікірталас өтті.

Қазақстан мен Ресейдің көршілес облыстары белсенді әйелдерінің басқосуында екі елдің экономикасына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Оның ішінде халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында жаңа инновациялар мен технологияларды дамытуда азаматтық қоғамның рөлі, 2014 жылы Астана қаласында өткізуді жоспарлаған ҮІІ Астана экономикалық форумы қарсаңында «Civil G-Global Sammit» жаһандық глобалдық саммитін ұйымдастыруға қоғамдық бастама көтеру туралы ойлар ортаға салынды.

Шарада сөз алған ақтөбелік «Элитарго» қоғамдық қорының төрайымы Марина Цыганкова еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі мен Кедендік одақта әріптестік қатынас орнату екі ел үшін де тиімді екендігіне тоқталды.

«Жасыл экономиканы» дамытуда Германия мен Оңтүстік Корея елдері алдыңғы қатарда келеді. Тіпті «жасылдануды» дамыту бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Біздер әлем елдерінің тәжірибелерін ұтымды пайдалануымыз керек», - деген ұсыныс жасады. Одан әрі көршілес Волгоград қаласынан келген «Европа-Биофарм» орталығының бас директоры Майя Михалева, Астрахан сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Александра Чернышева, Орынбор облысы қоғамдық палатасының әлеуметтік және демографиялық саясаты бойынша комитеттің төрайымы Людмила Марченко өз ой-тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен, пікірталасқа қатысушылар екі елдің кәсіпкерлері ең қызықты да салмақты жобаларды жүзеге асыру қажеттігі жөнінде тоқтамға келді. Бұл ретте өзара тиімді қарым-қатынастың кәсіпкерліктің өрістей түсуіне ықпал ететіні айтылды.

Форумды қорытындылаған Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары арасында осындай жұмыстың жалғасатынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар