Кәсіп бастауға ниетті жастар тың идеяларды жүзеге асыра алады – жас кәсіпкер

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Президент Жолдауына байланысты Орал қалалық мәслихатының депутаты, жас кәсіпкер Айнаш Әлібекқызы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, салық саясаты, кедендік ахуалдың жәй-күйі, бюджет, Ұлттық қор қаражатын үнемді жұмсау барысын сөз еткен Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау қажет екенін және оларға көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Кәсіп бастауға ниетті жастарға ең төменгі 2 пайыздық мөлшерлемеде несие берілмек. Еңбек еткісі келетін жастар бұл бағытта тың идеяларды жүзеге асырады деген ойдамын. Осы орайда Орал қаласынан «Жас кәсіпкерлер« ассоциациясын құруды ұсынамын. Шаһарымызда жас кәсіпкерлер саны артып келеді. Оларға қаржылық сауаттылық пен тәжірибе қажет. Бұл бастама қаламыздың дамуына, әлеуметтік мәселелерді шешуге септеседі», дейді А.Әлібекқызы.

Оның сөзінше, ел болашағы – жастарды қолдауды Жолдаудан айқын сезіне алған. Ұлт келешегінің кепілі – білімді ұрпақ. Мектеп оқушылары үш ауысымдық жəне апатты деп танылған білім ордаларынан сапалы, жайлы мектептерге қадам басатын болады. Оралда республика бойынша үздік ондыққа іліккен оқу ордаларында сан мыңдаған жас білім алуда. Оларға пана болар жатақхана мəселесінің де шешімі нақты көрсетілді. Бұл бағытта бірқатар қызметтер атқарылуда. Бұл – үлкен қуаныш. Ендігі кезекте жастарға 100 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік бермек. 2020 жылдан бастап есептегенде қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарынан 300-ден аса студент оқуын аяқтамай, орта жолда тастап кеткен. Себеп – оқу ақысын төлей алмау, тәртіпсіздік, оқу үлгерімінің нашарлығы. Ия, қоғам болғасын түрлі жағдай болады. Ағат басқан жастарды қоғамнан алшақтатпай, орайы келгенде, тағы демесе, артықтық етпейді.

Осы негізде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сонына дейін 45 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу жоспарланып отыр. Бұл орайда қысқа мерзімді оқыту бойынша берілетін мамандықтар тізбегін жаңартып, квота санын ұлғайту қажет. Бұл жастарға тың серпіліс берер еді. Осылайша, қазіргі таңда аса қажетті, сұранысқа ие мамандар санын көбейтуге болар еді.

«Президент сайлауына байланысты айтарым, менің ойымша, сайлау жаңа элитаны қалыптастырады. Мемлекет басшысының бұл ұсынысын жастар қолдайды жəне сайлауда қызмет етуге әзір. Осы негізде ерікті жастарымызды жасақтап, қысқа мерзімде сайлау алды дайындық деңгейін пысықтайтын (анығы – толық сайлау бойынша түсінік беретін) саяси-таным болатын лагерь жұмысын ұйымдастыру қажет деп ойлаймын. Бұл жастардың саяси науқанға деген оң көзқарасын қалыптастырады деген пікірдемін. Қорыта айтқанда, Жолдау сан саланы қамтыды. Кішкентай сəбилерімізге керемет болашақ болар жаңа бағдарлама, зейнет жасының тұрақтануы, басқа да көкейкесті мәселелердің ел алдында ашық айтылуы ортақ мүдде жолында халықты біріктіреді деп ойлаймын. Жастар Жолдауда көрсетілген бағыттарды іске асыруға дайын жəне біз ұсынған бастамалар да қолдау табады деп сенемін», деп түйіндеді ойын А.Әлібекқызы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын саясаттанушының еліміздің саяси басқару жүйесі толықтай жаңартылатыны жөнінде айтқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар