Қасиетті Тәуелсіздік мерекесі бәріміз үшін де ыстық - Ө.Демирал, БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қасиетті Тәуелсіздік мерекесі қарсаныңда бауырлас қазақтың ұл-қыздары секілді менің де бойымды айрықша толқыныс пен мақтаныш сезімі билейді. Бұл туралы «Каризма» компаниялар тобының басшысы Өзгүр Демирал мәлім етті.

- Түбі бір түркі жұрты ретінде қазақ елі Тәуелсіздік алғанда қатты қуандық, - деді ол. - Әлі есімде, осыдан 23 жыл бұрын түнгі сағат 3-те Түркияның сол кездегі Президенті Тұрғыт Өзалдың Қазақстан елін, Елбасын әз Тәуелсіздігімен құттықтағанын теледидардан тыңдағанбыз. Бұған дейін Қазақстан деген ел бар екенін білмейтінбіз, өйткені 15 одақтас республиканың барлығы да бір ел Ресей деп білетінбіз.

Тәуелсіздік сөзі қазақ халқына қаншалықты ыстық болса, маған да солай десем жалған айтпаған болармын. Өйткені мен Қазақстан алғаш Тәуелсіздік алған жылдары осы елде жоғары білім алып, кәсіпкер ретінде қалыптастым. Қазақстан егемен ел болмаса, қай жақта жүрерімді кім білген... Өзге елдің азаматы болсам да, жас мемлекеттің жас баладай аяғын тәй-тәй басып, қандай қиыншылықтардан қайыспай өткенін жақсы білемін. Мемлекеттік тілді дамытудағы, білім беру, денсаулық және өзге де салалардағы жақсы өзгерістерді газет-журналдан оқыған жоқпын, өз көзіммен көріп келемін. Сүйсінетінім де рас.

2012 жылы Оралда пластикалық есік-терезе шығаратын шағын цех ашып, 80 адамды жұмыспен қамтыдық. Содан бергі Тәуелсіздік жылдары ішінде екінші жиһаз фабрикасын ашып, жұмысшылар санын үш есеге өсірдік. Қазір облыстағы филиалда 240 шақты жұмысшыға тұрақты жұмыс беріп отырмыз. Кәсіпкер ретінде өндіріс орындарын ашып, оны дамытуыма шағын және орта бизнесті дамытудағы Елбасы мен мемлекеттің көмек-қамқорлығының септігі тиді. Алдағы жылдары Қазақстанның даму қарқынына қарқын қосылып, экономикасы дамыған мықты елдердің қатарынан орын алатынына сенемін. Бір әфсанада кішкентай құмырсқа тырбаңдап тауға өрмелеп бара жатады. Оған достары «Мына күшіңмен қалай жетесің тау басына?» деседі мысқылдап, сонда ол: «Ол жерге жете алмасам да, соның жолында өлемін», - дейді. Қандай тамаша сөз! Түріктер: «Жоқ демеңіз, жоғаласыз» дейді. Әрбір азамат «Алма піс, аузыма түс» демей, алдына мақсат қойып, қимылдап, еңбектенсе дейміз. Шүкір, қазақ жері бай, шұрайлы, заң бар, еңбек етіп, наныңды адал жеуге жағдай жасалған. Тек салық төлеп, жұмыс істе. Содан соң мемлекеттің дамуы үшін қоғамда бірлік болсын. Айтайын дегенім, еліміздің азаматтары өз Отанында өндірілген өнімдерді таңдап, алса екен деймін. Сонда елде салық түсімдері өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады, қаржы-қаражат өз елімізде қалады. Нәтижесінде ел дамиды, көркейеді.

«Қазақ елі Мәңгілік ел болсын, ұлық мереке барлық қазақстандықты жаңа істерге қанаттандырып, бойларына қуат берсін деймін!», - деп түйіндеді ол сөзін.

Соңғы жаңалықтар