Кәсіби фототілші Жеңіс Ысқабайдың фотокөрмесі өтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -  Бүгін Талдықорғанда кәсіби фототілші Жеңіс Ысқабайдың «Намыс» атты фотокөрмесі өтті. 

«Жастар» спорт сарайында ұйымдастырылған шараға 40  фотосурет қойылған. ҚазАқпарт тілшісіне автор өзінің туындылары жайлы  арнайы сұхбат берді.

-Сізді көпшілік қағлез фототілші деп атайды. Осы салаға сіз қалай келдіңіз?

- Бұл өнер менің бойыма табиғаттан дарыды десем артық болмас. Арнайы таңдаған жоқпын. Бала кезімнен суретті жақсы салатынмын. Тіпті ауылда  мені «суретші» деп атайтын. Атам шебер болған. Ол кісі қамшы өретін, ер-тоқым сынды  ат әбзелдерін өзі жасайтын. Ұстазым  Геннадий Пактың да орны ерекше. Ол ағаш шебері де болды. Гипспен де жұмыс жасады. Ұстаз ретінде керемет адам. Баланың қабілетін аша біледі.  Мен алғаш рет оның алдына 15 жасымда келгенде, «көзінде оты бар екен, жақсы маман болады» деді. Мүмкін мені  жәй ғана демеп айта салған шығар. Бірақ, осы бір сөз мені болашаққа жетеледі. Мамандығымды сүюге, үмітті ақтауға жол ашты.

1

- Ал бүгінгі көрменің «Намыс» деп аталуының сыры неде?

- Бұл көрме спорт саласына арналып отыр. Жас буын спортшыларымыздың суреттеріне қарап, биік шындарды бағындыруға ұмтылсын, намыс пен жігері оянсын деген мақсатпен осылай атадық. Қабырғаға ілінген суреттер ерекше эмоцияға толы. Осындай сәттер өскелең ұрпақтың биікке ұмтылуына үлесін қосады деген сенімдемін.  

- Қандай дүниелерді түсіргенді жақсы көресіз, жаныңызға не жақын?

- Спорт. Бұл жанр ерекше эмоцияға толы. Қас-қағым сәттерді қағып алып, объективке түсіру, ойыңды жүзеге асыру ол басты міндет. Сондай-ақ айтатыным, кез келген жерде ортамен жұмыс жасай білуің керек. Ол жерде спортшылар, төреші және көрермен бар. Осы жерде мен басымдықты негізі спортшыларға бағыттаймын. Өйткені ертең дәл сол спортшылардың суреті үлкен сұраныста болады.

- Кәсіби шеберлігіңіздің сыры неде?

- Шексіз сүйіспеншілігім шығар. Тіпті ауырып тұрып, бір жарыстың ортасына топ ете қалсам, бәрін ұмытамын. Суретке түсіру арқылы шабыттанамын. Ал ойлаған ойын, кадрың көпшілік көңілінен шықса -  еңбегіңнің нәтижесі.

2

- Алға қойған қандай арман-мақсаттарыңыз бар?

- Спорт саласын түсіретін фототілшілердің басын қосып, бір команда құрғым келеді. Мәселен мен өзім футбол саласын керемет түсіремін деп айта алмаймын. Ал шетелдік фототілшілердің бұл тұрғыда тәжірибелері көп. Өйткені оларда кереметтей, соңғы үлгідегі құралдары бар. Ал бізде ондай дүниелер жоқ. Өйткені өте қымбат. Тіпті бір объективтің өзі 10 мың АҚШ долларына бағаланатын заттар бар. Сондықтан осы тұрғыда мен шетелдіктердің түсіретін аппараттарына қарап қызығамын.

Айта кету керек, «Намыс» атты көрмені Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесе ұйымдастырды. Жеңіс Ысқабай 1980 жылы, 9 мамырда Талғар ауданы Туғанбай ауылында дүниеге келген. Екі баланың әкесі. Ол колледжде  «Сәулетші» және Абай атындағы университетте «Суретші» мамандықтары  бойынша білім алған.

Жеңіс Ысқабай фотоға түсіруді аңшылыққа ұқсатады. Себебі,  аңшы сияқты олжалы болу үшін оңтайлы сәтті жіберіп алмау керектігін  айтады. 

null 

Соңғы жаңалықтар