«Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы қазақстандықтарға қандай мүмкіндіктер береді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасында қатысты ерекшеліктерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сөзінің басында вице-министр құжат еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысын нығайтатынын, сондай-ақ жұмыс күшіне қойылатын тез өзгеретін талаптарға жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазіргі кезде еңбек нарығында қарқынды өзгерістерге тап болып отыр. Кейбір кәсіптер жойылып бара жатыр және олардың орнына басқалары келеді. Бұл ретте кәсіптердің мазмұны да өзгеріп отыр, яғни талап етілетін жаңа біліктіліктер пайда болады», - деді О. Ордабаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасында толық бекітілген Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) келесі сұрақтарға жауап береді: қазіргі заманғы мамандар нені білуі және үйренуі керек? Бұл үшін мамандарға нені оқыту керек? Олардың кәсіби біліктілігін қалай тануға болады?

Еңбек нарығының негізгі талаптары кәсіптік стандарттарда көрсетілген, олардың негізінде білім беру бағдарламалары әзірленеді. Осы орайда жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда ең көп сұранысқа ие 2689 кәсіпті қамтитын 623 кәсіби стандарт бар. Заң жобасында барлық кәсіптерді қажетті стандарттармен қамтудың негізі қарастырылған.

Заң жобасының маңызды жаңалығы – өз бетінше игерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми білім беру нәтижелерін тану.

«Қазір адамдар дағдыларды өз бетінше, жұмыс орнында және онлайн режимінде игеріп жатыр. Біз оқытудың осындай заманауи әдістерін мойындаймыз. Азаматтар тиісті орталықтарда кәсіби біліктілігінің бар екендігін растайтын құжатты ала алады. Сонымен қатар, егер ол кәсіби стандартта ескерілсе, бұл құжатты жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пайдалана алады», – деді ол.

О. Ордабаев бұл өз кезегінде біліктілікті тану орталықтарын дамытуға серпін беретінін және қызметкерлерді өмір бойы құзыреттіліктерін жетілдіруге ынталандыратынын айтты.

Мұнымен қоса, заң жобасында кәсіби біліктілікті тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар