Қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар осы режимге ауысуға міндетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтып берді.

«Елдегі төтенше жағдайға байланысты бірқатар қызметкерлердің жұмыс режимі өзгеруде. Осы орайда жұмыс берушілерге үлкен әлеуметтік жауапкерішлік танытып, еңбек заңнамасын толық сақтауға шақырамын. Және де жұмысшылар өз еңбек құқықтарын білуі өте қажет», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық кәсіпорындар, мекемелер қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі болса, онда қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшуге міндетті. Бұл Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі.

«Қашықтықтан жұмысқа көшкенде, еңбекақы төлеу тәіртібі өзгермейді. Бұл жерде азамат өзінің жұмыс орнында емес, үйден жұмыс атқару мүмкіндігі болады. Еңбек кодексі бойынша, оған жұмыс беруші тиісті жағдай жасауға міндетті және жалақысы ай сайынғы алып жүрген көлемде төленетін болады», - деді Б. Нұрымбетов.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.

Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.


Соңғы жаңалықтар