Қашықтан жұмыс істеу: Құпия ақпаратты қорғау шартын жасау құқығы бекітілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұмыс берушінің жұмыскерлер қашықтан жұмыс істеу кезінде пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілді.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде депутат Жанат Омарбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Жұмыс берушінің актісі бойынша қызметтік міндеттерді еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге жіберу тәртібі регламенттелді. Жұмыс берушінің жұмыскерлер қашықтан жұмыс істеу кезінде пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілді», - деді депутат.

Оның айтуынша, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында еңбек шартында жұмыс уақытының тіркелген есебін белгілеу жөніндегі норма көзделді. Осы уақыт ішінде жұмыскер жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыста болу үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс.

«Бұл ретте, еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін. Заң жобасының қабылдануымен қашықтан жұмыс істеуді нақты регламенттеу және еңбек шарты тараптарының құқықтары мен міндеттерін бекіту арқылы жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетін болады», - деді Жанат Омарбекова.


Соңғы жаңалықтар