Қашықтан сабақ оқытқан ақтөбелік мұғалімдердің шығыны өтелді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік мұғалімдер қашықтан сабақ берген кезде жарық, интернет желісіне төлеген ақыны өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының прокуратурасы 2020 жылдың 1-сәуірінен бастап 15 мыңнан астам мұғалімнің қашықтан сабақ бергенін анықтады.

Барлығы 138 мыңнан астам оқушы онлайн білім алған. Прокуратура мұғалімдердің шығынын есептеп, бірнеше заңсыздықты анықтады.

«Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын) береді және оларды орнату мен оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстарды өтейді. Қызметкер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланған жағдайда жұмыс беруші өтемақы төлейді. Оның мөлшері мен төлеу тәртібі қызметкермен келісім бойынша белгіленеді. Мәселен, Ақтөбе облысы Қобда орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі А.Қызылғұлова сәуір-мамыр аралығында электр энергиясына, интернетке және басқа да коммуналдық шығыстарға 2000 теңге артық ақы төлеген «, - деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокуратура тексеруінен соң 10,2 млн теңге шығын өтелді. Өңірде 15 мыңнан астам педагогтың құқығы қорғалды.


Соңғы жаңалықтар