+7 (701) 759 90 19
USD 423.87 EUR 505.25
RUB 5.59 CNY 64.43
Jańalyqtar

Қашықтан оқыту: Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жаңа жоба қолға алынды

2020 жылғы 21 қазан 22:00
Бөлісіңіз:
Қашықтан оқыту: Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жаңа жоба қолға алынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалімдердің цифрлы мәдениетін қолдауға және дамытуға бағытталған «Әдістемелік лайфхак: Цифрлы гайд» жобасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Түркістандағы университет пен Франциядағы ЖОО ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды Бәйдібек ауданындағы ауыл мектебіне 2 «BILIMBook» тақтасы мен 50 компьютер табысталды Минскте әл-Фараби атындағы қазақ сыныбы ашылды

Мектеп директорының орынбасары Гүлнәр Досқазиеваның айтуынша, бір ай бойы жоба спикерлері – зияткерлік мектеп мұғалімдері өз әріптестеріне онлайн-платформалар, пайдалы веб-сайттар, лайфхактар мен ұтымды шешімдерді таныстырып, олардың сабақта тиімді қолданылуын көрсетті.

Microsoft Teams алаңында «MIRO, PADLET, LINOIT виртуалды тақталарымен қызықты онлайн сабақ», «Оқытуда EDMODO платформасын қолдану мүмкіндіктері, «SOCRATIVE қосымшасы көмегімен бағалау және кері байланыс әдістері» «MOZAIC EDUCATION арқылы 3D презентация дайындау» және тағы да басқа тақырыптық атаумен вебинарлар сериясы ұйымдастырылды.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығы тренерлері жоба бойы спикерлерге кері байланысқа шығып, пікірлерін айтып отырды.

Г.Досқазиеваның сөзіне қарағанда, жоба аясында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сарапшы мұғалімі Жансәуле Мақсотова мини-оқулық құрастыруға негізделген Bookcreator.com сервисін ұсынды. Аталған сервис арқылы онлайн форматта өзіндік жұмыстарды не үй тапсырмасын орындату оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырады. Оқушыларға шағын жобалық жұмысты, тақырыпқа қатысты проблемалық сұрақтар төңірегінде зерттеу жұмыстары нәтижесінде жинақталған ақпараттарды кітапшаға орналастыруға мүмкіндік береді.

Қосымша көмегімен құрастырылған шағын кітапқа тек мәтін түріндегі ақпарат қана емес, аудиожазбалар, бейнематериалдар, дайын презентацияларды енгізуге болады. Тіпті нұсқаулықты әркім өз дауысымен жазуға мүмкіндік бар. Қаласа, өз бейнесін түсіріп те сала алады. Оқушы сервисте сурет те сала алады, бұл өз кезегінде оқушыларды шығармашылыққа баулиды.

«Әдістемелік лайфхак: Цифрлы гайд» жобасын іске асыру нәтижелері бойынша Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі облыс мұғалімдеріне арналған цифрлы форум ұйымдастыруды жоспарлап отыр.


«Осы уақытқа дейін мектеп мұғалімі немесе институттың профессоры білімнің бірден-бір жеткізушісі, ал дәріс оқушыларға ақпарат берудің жалғыз тәсілі болып келді. Бүгінде кез келген ақпаратты ғаламтор беттерінен табуға болады. Интернет-кітапханалар, ғылыми зерттеулер, бейне және аудио материалдар барлық қолданушыға қолжетімді. Ал қазіргі заман сабағы – мұғалімнің монологы емес, пікірталас, зерттеу мен тәжірибе алаңы. Шешім табуға және деректерді талдауға үйрену барысында оқушы алдыңғы қатарға шықса, мұғалім лектордан жаттықтырушы және модераторға айналады. Ол жетекшілік етеді, ынталандырады, белсенді оқуға жағдай жасайды. Сол себепті мұғалімдердің кәсібилігіне қойылатын талаптар да артып келеді, енді оларға материалды аралап өтіп, таныс маршрут бойынша дәріс оқу жеткіліксіз. Олар заманауи білім беру әдістерін қолдана білуі керек – бұл қазіргідей қашықтан оқыту кезінде маңызды», деді Г.Досқазиева.

Қазіргі таңда Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 706 шәкірттің бәрі де онлайн білім алуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 32 мыңға жуық оқушының қашықтан білім алып жүргенін жазған болатынбыз.




Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT