Қашықтан оқыту: Мектеп оқушыларының сабақ кестесі 5 сәуірге дейін беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мектеп оқушыларына арналған телесабақтардың кестесі 5 сәуірге дейінгі аралықта беріледі. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова онлайн брифингіде осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг барысында қашықтан оқыту аясында сабақ кестесі қашан берілетіндігі сұралды.

«Телеарнада берілетін сабақтардың барлығын бүгінде мұғалімдер түсіріп жатыр. Бұл да - ұстаздар үшін үлкен бір жаңа жұмыс. Өйткені 40 минут сабақ барысында оқушыларды оқыту бір басқа, ал телеформатта сабақ өткізу бұдан бөлек. Әрине, жаңа формат мұғалімдер үшін қиыншылық туғызады, 40 минуттық сабақты 10 минутқа сыйғызып, сабақтың тоқетерін айта білу мұғалімнен үлкен шеберлікті талап етеді», - деп тоқталды Ш. Каринова.

Оның сөзіне қарағанда, таяу күндері қашықтан оқытуға негізделген сабақ кестесі оқушыларға беріледі.

«Осы телесабақтардың кестесі 5 сәуірге дейінгі аралықта, яғни IV тоқсан басталғанға дейін барлық ата-аналар мен оқушыларға толық жеткізілетін болады. Қазір осы кесте құрылуда. Нақты таңертең сағат 9:00-ден басталады және сыныптар бойынша уақыты белгіленеді. Ал енді мектептердегі кестеге тоқтайтын болсақ, мектептердегі жасалатын кесте әрбір жағдайды ескеріп, әртүрлі болады. Мектеп алды даярлық сыныбындағы оқушыларға және 1-9 сынып оқушыларына таңертең басталады, 10-11 сыныптағы балалаларға сағат 14:00-ден кейін басталады. Жалпы, осы формат ішінде әрбір мектеп өзінің интернетке қосылу жағдайына, мұғалімдердің жағдайына байланысты өздеріне қолайлы кестені жасайды», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар