Қашықтан оқыту: Елорда ұстаздары Кембридж профессорларымен тәжірибе алмасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылы коронавирус пандемиясына байланысты қашықтан оқу форматында басталады. Осыған орай білім басқармасы оқу жылының сәтті басталуы үшін дайындық жүргізіп, қажетті шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің білім беруді жаңғырту орталығы онлайн сабақ өткізуге арналған бірнеше виртуалды платформа ұсынды. Бүгінде қаланың барлық мектебі Daryn Online, Bilimland платформаларымен келісім шартқа отырған. Қазіргі таңда ұстаздар интерактивті құралдар мен технологияларды, бейнесабақ пайдалануды меңгеріп отыр.

«Бір платформаның өзінде оқулықтар мен цифрлық ресурстарды қолданып, сабақ өткізуге мүмкіндік бар. Кері байланыс жасауға, оқушының білімін тексеруге болады. Сондай-ақ Opiq.kz арқылы «Almatykitap» цифрлы оқулықтарын қолдануға жағдай жасалған», – деді білім беруді жаңғырту орталығының директоры Әлия Мақышева Astana Life бағдарламасында.

Маусым айында іске қосылған екінші онлайн платформа ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына, әдістемелік көмек көрсетуге арналған. Әр жұма сайын үздік ұстаздар белгілі бір тақырып бойынша онлайн конференцияда өз тәжірибесімен бөліседі.

«Педагогикалық тәжірибе алаңы» барлық ұстазға қолжетімді. Білім беруді жаңғырту орталығы директорының орынбасары Сындар Дауешова тәжірибе алмасу мақсатында Кембридж университеті профессорларымен байланыс орнатылғанын атап өтті.

Жақында іске қосылған үшінші онлайн платформа ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Academia.kz педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасы арқылы мұғалімдер түрлі курстардан өтіп, сертификат алады.

Виртуалды зертханада Назарбаев зияткерлік мектептері мен еліміздегі ең үздік ұстаздарының авторлығымен енгізілген курстар жинақталған. Қазірдің өзінде бес мың маман онлайн сертификат алып үлгерді.

«Ұстаздар берілген тапсырмаларды орындап, әртүрлі деңгейлерден өтеді. Содан кейін барып сертификат алады», – деп атап өтті педагог Майра Боранбаева.

Нұр-Сұлтан қалалық білім беруді жаңғырту орталығы тамыз айында «Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе» тақырыбында онлайн-оқыту өткізуді жоспарлап отыр. Онда 12 480 мұғалім қамтылады.



Соңғы жаңалықтар