Қашағанды іске қосу үшін жөндеу жұмыстары күшейтілген тәртіпте жүріп жатыр - ҚР Энергетика министрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қашаған» кен орнында мұнай өндіруді биылғы қазанда жандандыру үшін жөндеу жұмыстары жеделдетілген қарқынмен жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

«Ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспары шамамен 83 пайыздық деңгейде, шын мәнінде атқарылған жұмыс 87 пайызды құрап отыр. Экологиялық айыппұлдарға байланысты проблема болды, бірақ Сіз қабылдаған шешімге орай бүгінде бұл мәселе реттелді», - деді ол ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке қаратып айтқан сөзінде.

Егер де Қашағандағы жұмыс мерзімінен бұрын басталса, яғни (кен орны) қазан айында іске қосылса, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі артпақ.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Қашаған жұмысын қазан айында нақты іске қосу мүмкіндігі жайында сұрады.

«Бүгінде атқарылып жатқан шаралар кен орнын іске қосу мүмкіндігін жақындатып отыр. Дегенмен жоспарлы мерзім басқа уақытта еді», - деді министр.

Отырыс барысында К. Мәсімов кен орнындағы жағдаймен егжей-тегжейлі танысу үшін Қашағанға сапарын жоспарлады.

Соңғы жаңалықтар