Қашаған операторына $5,1 млрд айыппұл салынуы мүмкін

None
Фото : gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Министрлік North Caspian Operating Company компаниясын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салуды талап етіп, сотқа жүгінді. Айыппұл көлемін сот анықтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі Қашаған мұнай кен орнының операторы North Caspian Operating Company компаниясын экологиялық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартуды талап етіп сотқа жүгінгенін растады.

«Айыппұл сомасын сот айқындауға тиіс», - делінді ведомстводан.

Сондай-ақ, сот отырысының күні әлі нақтыланбағаны айтылды. Министрліктің сотқа жүгінуіне кен орнында күкірттің көп мөлшерде сақтау фактісі себеп болып отыр.

Бұған дейін Bloomberg басылымы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі North Caspian Operating Company компаниясын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін $5,1 млрд көлемінде айыппұл салуды талап етіп, сотқа жүгінгенін хабарлаған еді.

Еске салсақ, 6 наурызда күкіртті заңсыз сақтау фактісі бойынша Атырау облысы бойынша экология департаменті North Caspian Operating Company компаниясының қызметіне тексеру жүргізді.

Тексеру барысында экологиялық заңнаманы бұзу фактілері анықталды:

- 1 млн тоннадан астам көлемде «Болашақ» МКҚК қоймалау алаңдарында күкіртті нормативтен тыс орналастыруды жүзеге асырады;

- келісілген жобалық құжаттарсыз және экологиялық рұқсатсыз пайдаланылған сілтіні қалпына келтіру үшін күкірт қышқылын сақтаудың уақытша алаңы пайдаланылады;

- қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс шаралар жоспары толық көлемде орындалмайды;

- тиісті тазартусыз ағынды суларды буландырғыш тоғанға ағызу жүзеге асырылады;

- мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көзделген талаптарды орындамады;

- қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімінсіз шлам аулағышты қайта бейіндеу жүзеге асырылды;

- тазартылмаған шикі газды алауларда экологиялық рұқсатсыз жағу жүзеге асырылды;

- рұқсат құжаттары жоқ ткжо объектісінің булану сыйымдылықтарында өз бетінше эмиссиялар жүзеге асырылды.

«Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша компанияға қатысты ҚР ӘҚБтК 324-бабының 1-бөлігі, 325-бабының 1-бөлігі, 326-бабының 1-бөлігі, 328-бабының 1-бөлігі, 331-бабының 3-бөлігі, 332-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі уақытта компанияның келіп түскен өтінішхаты негізінде қозғалған материалдар Атырау қаласының әкімшілік сотында қаралуда. Сот талқылауының нәтижелері қосымша жарияланатын болады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар