Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз еліміздің батыс өңірлеріне жылына қанша қаржы бөледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2024 жылға қарай Қашағанда жылына 16 миллион тонна мұнай өндірілетін болады. Бұл туралы бүгін елордада халыққа есеп беру кездесуі барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қашағанда 2024 жылға қарай бұдан әрі кеңейту жобасы бойынша өндіріс көлемін жылына 13 млн тоннадан 16 миллионға жеткізу күтілуде. Жобаны іске асыру кезеңінен бастап Атырау және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына құйылған инвестиция көлемі 570 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы, әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуға жыл сайын 50 млн АҚШ доллары бөлінуде»,- деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, Қарашығанақтағы болашақ игеру жоспарына сәйкес, ағымдағы өндіру көлемін сақтап қалу бойынша жобаларды іске асыру көзделген. Олар - газ қуаттарын жаңғырту, 4-ші компрессорды және 5-ші ішкі кәсіпшілік құбырын салу. Іске асыру мерзімі 2020 жыл, инвестиция көлемі 1,5 млрд АҚШ доллары.

«Қарашығанақты игеру жылдарында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына шамамен 342 млн АҚШ доллар бөлінді. Жалпы, өңірдің әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына жыл сайын 20 млн АҚШ доллары бөлінуде», - деді ол.

Министрдің дерегінше, Теңізде 30 мыңнан астам қазақстандықтар жұмыс істейді. Жоба бойынша инвестиция көлемі 38 миллиард АҚШ долларын құрады, 2 жыл ішіндегі нақты игеру - 11 млрд доллардан астам, ал 2018 жылғы жоспар 7 миллиард доллардан асады.

«2022 жылдан кейін Теңіздегі мұнай өндіру көлемі 26-дан 39 миллионға дейін артатын болады. 1993 жылдан бастап Теңізшевройлмен Атырау облысының тұрғындары үшін әлеуметтік жобаларға 1,5 млрд АҚШ доллары берілді. Жалпы, Атырау облысының әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына жыл сайын шамамен 25 млн АҚШ доллары бөлінуде», - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар