KASE: Теңгенің долларға қатысты ауытқуының себебі түсіндірілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан қор биржасында (KASE) теңгенің долларға қатысты ауытқуының себебі неде екені түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

KASE мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың 9 айында нарықтағы шетелдік валюталар сатылымының мөлшері 10,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8 пайызға немесе 1,5 трлн теңгеге артық көрсеткіш. Жыл басынан бері нарықтағы шетелдік валюталар сатылымына KASE-тің жиыны 33 мүшесі қатысқан. Сатылымның орташа күндік мөлшері 9 айдың ішінде 57 млрд теңгеге тең болса, орташа күндік келісімдердің саны - 329.

Осы жылдың үшінші тоқсанында ұлттық валюта 2016 жылдың бірінші тоқсанынан бергі ең максималды құбылмалылығын көрсеткен. USD/KZT жұпты курстардың стандартты ауытқуы жыл басынан бері ауытқудың амплитудасының өсімі бойынша: бірінші тоқсанда 4 теңгеге, екінші тоқсанда 5,8 теңгеге, үшінші тоқсанда 11,1 теңгеге (2016 жылдың бірінші тоқсанында 12,2 теңгеге) көбейген. Валюталық нарықтағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банк 2017 жылдың қазан айынан бері тұңғыш рет валюталық интервенция жасады. Регулятордың хабарламасына сәйкес, қазан айының 5-7 аралығында шетелдік валюталардың ұсынысының жоқтығы жағдайында ҚР ҰБ 520,6 млн АҚШ долларының сатылымын жүзеге асырған.

«Бұдан бұрынғыдай, ішкі нарықтағы өсіп келе жатқан турбуленттіліктің себебі сыртқы факторлардың ықпалынан болып отыр. Оның ішінде ең көп әсер еткені - АҚШ-тың санкциялық саясаты мен Федералдық резерв жүйесінің монетарлық саясаты. Қыркүйектің соңында АҚШ-тың басты қаржылық регуляторы федералдық қорлар бойынша ставканы 25 базалық пункт бойынша көтерген еді. Осы жағдай жыл басынан бергі үшінші рет көтерудің себебі болып отыр. АҚШ-тың қарыз бойынша 10 жылдық міндеттемесі соңғы 7 жылдағы максимум мөлшерінде сақталуда. АҚШ-тың тартымды мемлекеттік құнды қағаздарының табысы капиталдың дамыған елдерге жылыстауын күшейте түсті. Ал бұл жағдай ұлттық валюталарға жақсы әсер ете қойған жоқ. АҚШ тарапынан антиресейлік санкциялардың кеңеюі аясында рубльдің долларға қатысты әлсіреуі ішкі курстардың қалыптасуына үлкен әсерін тигізді", - делінген Қазақстан қор биржасының баспасөз мәлімдемесінде.

Соңғы жаңалықтар