Қаржылық сауаттылық: қаржыны тиімді пайдалану мен алаяқтардың арбауына түспеудің жолдары қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржылық сауаттылық дегеніміз — қаржы өнімдері мен қызметі туралы білім. Қаржылық сауатты адам өз бюджетін жоспарлаудан, бар қаржысын көбейту жолдарынан, банк өнімдері мен салық заңнамасынан хабардар болуы керек. Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі 2021 жылы 40%-ға жуықтаған. Жалпы сарапшылардың пайымынша, мамандығына қарамастан, қаржылық сауат негіздерін түсіну, өз бюджетін жоспарлай алу материалдық игілікке ұмтылатын әрбір адам үшін маңызды. Осы орайда, қаржылық сауаттылық дегеніміз не, сауатты болу үшін нені білу керек, оның ел экономикасына әсері, мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар және табысты арттыру мен ақша жинау әдістері жөнінде белгілі экономист Мақсат Халықпен сұхбаттастық. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Статистикалық деректерге сүйенсек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы үш жыл көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2018 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25% болған болса, 2020 жылы 39,07%-ды, ал 2021 жылы 4-тоқсанда жүрігізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52%-ға жеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілмек.

Қаржылық тұрғыдан сауатты болу үшін халық нені білуі керек?

Сарапшы Мақсат Халықтың сөзінше, қаражатты саналы түрде жұмсай білу үшін ақшаға деген қарым-қатынасты дұрыстау керек. Өйткені бала кезден бойға сіңіп қалған қасаң көзқарасты өзгертпейінше, ақшаға «қолдың кірі» ретінде қарау адамның қаржылық жағынан тәуелсіз болуына кері әсер етеді.

«Ақша – жалпыға бірдей құн рөлін атқаратын ерекше тауар. Оның ерекшелігі кез келген тауар құндылығын бойына сыйдыра алады. Ең алдымен, ақшаға деген дұрыс қарым-қатынасты түзуіміз қажет. Бізде ақшаға көзқарас дұрыс емес. Балаға тәрбие беру кезінде «ақша — қолдың кірі», «дүниеқоңыз болып кетіпті» дегендей сөздер көп айтылады. Осы тұста ақшамен қарым-қатынас құру кезінде балаларды алшақтатып алатын секілдіміз. Сондықтан бұл процес саналы түрде сапалы жүргізілуі керек. Адам өзінің пұлын орнымен, ақыл-парасатымен жұмсай алса, оның несі жаман?! Бауырларыңызға, достарыңызға көмектесе алсаңыз, бұл жақсы емес пе?! Сондықтан біздің азаматтарымыз бай, дәулетті болуға ұмтылуы керек», - деп атап өтті экономист.

Сонымен қоса оның айтуынша, әр азамат «депозиттің қандай түрлері бар, қай банктен депозит ашқан дұрыс, ондағы кепілдендіру қоры деген не, қанша миллион теңгеге дейін кепілдік береді, қай банк сенімді?» деген сұрақтарға жауап бере алғаны дұрыс.

«Біз несиелік инструментті қолданамыз. Бүгінде несиесі жоқ адам қалмаған да шығар. Несиені де тиімді алу жолдары бар. Банк берді екен деп, әр парағына ойланбастан қол қоя бергеннен не ұтасыз? Сондықтан депозит таңдай білу, қарапайым несиені рәсімдей білу де – қаржылық сауаттылықтың белгісі»,-дейді ол.

Бұдан бөлек кәсіби маман заманның өзгеруіне қарай алаяқтар да түрленіп жатқанын еске салып өтті.

«Оларға төтеп беру үшін де сұрақты сапалы қоя білу керек. Қазір қаржылық пирамидаға негізделген ұйымдар пайда болып жатыр. Олар қоңырау соғып, азаматтарды «банктен хабарласып тұрмыз» деп алдайды. «Бізге ақша салсаңыз, бір-екі айдың ішінде байып кетесіз» деп ұрандататындары көп. Оларға төтеп беру үшін сұрақ қоя білу керек. Мәселен, қарапайым ғана Ұлттық банктен лицензиясы бар-жоғын тексеру керегін де азаматтарымыз білмей жатады. «Ол қазақстандық компания ма, әлде шетелдік пе, қожайыны кім, арнайы Қаржылық қадағалау агенттігінен лицензиясы бар ма?» деген сауалдарды көбінесе халқымыз қоя бермейді. Жалпы осындай сауалдар қаржылық алаяқтарды біраз састырады. Сондықтан осындай дүниелерді ескеру қажет», - деп кеңес берді сарапшы.

Қаржылық сауатты арттыру мектептен басталуы тиіс

Экономист халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды ерте жастан бастау керек деп есептейді. Себебі сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Бұл – ұзақ мерзімді әрі тиімді тәсілдердің бірі. Осыған байланысты сарапшымыз қаражатты жұмсай білу, түбіртек талап ету секілді дүниелер бала кезден қалыптасу керегін де тілге тиек етіп өтті.

«Жалпы мектептен бастап қаржылық курстары өтуі қажет. Мәселен, бастауыш сыныптарда «Қаржылық әліппе», «Қаржылық сауаттылық», «Экономикаға кіріспе» деген секілді пәндерді қоюға болады. Ал жоғары сыныптарда, яғни 7-8 сыныптан бастап «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәндері тереңдетіліп оқытылуға тиіс. Бұрын «Әмиян» деген бағдарлама жасадық. Түсірілім кезінде 9 жастағы балаларды байқап қалдым да, «қиналып қалады-ау, игере алар ма екен» деп уайымдадым. Бірақ соңында сол балалар өте білімді, басқаларымен салыстырғанда өте пысық болып шықты. Дүкенде сауда жасағанда «маған түбіртекті беріңіз, ол – менің тұтынушылық құқығым» деп айта алатындай дәрежеге жетті. Сондықтан балаларға ерте жастан, бастауыш сыныптан бастап қаржылық сауаттылығын ашатын курстар берілуі керек. Гарвардтың ғалымдары да балаларды 7 жастан бастап қаржылық білімге баулуға болатынын дәлелдеп отыр. Бұдан бөлек университеттерде де жеке пән ретінде оқытылуы керек. Бұл қарапайым қаржыға байланысты түсініктердің қалыптасуына, қаржы алаяқтарынан қорғануға, оларға қарсы иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді, - деп түсіндірді ол.

Маманның пікірінше, қазақстандықтардың қаржылық сауат деңгейі бұрынғымен салыстырғанда біраз өскен. Оған пандемия кезіндегі әлеуметтік жағдайдың қиындауы, қымбатшылық салдары секілді мәселелер әсер етіп отырғаны байқалады.

Ал елдегі қаржылық сауаттылықтың деңгейіне қатысты сарапшымыз Мақсат Халық былай дейді: «Қазақстандағы қаржылық сауаттылық деңгейін орташа деп бағалар едім. Пандемия кезінде азаматтарымыздың қаржылық сауаттылығы едәуір артты. Өйткені сол тұста олардың әлеуметтік жағдайы қиындады, төлем қабілеттері төмендеді, инфляция өте жоғары болды, сонымен қоса жан-жақтан қысып жатқан қымбатшылық секілді дүниелер қаржылық жағынан сауатты болуға әкелді. Қаңтар оқиғасынан кейін ел үкіметі жаңа экономикалық саясаттың жоспарын бекітіп жатыр. Осы кезде халықтың тарапынан тиімді ұсыныстар да түсіп отыр. Мәселен, қазіргі кезде банкроттыққа қатысты заң аясында өз пікірлерін білдіруі де — соның дәлелі. Осындай азматтық белсінділіктен-ақ қаржылық сауаттылықтың артып келе жатқанын байқауға болады. Дегенмен еліміздің кей аймақтарында, өңірлерде қаржылық сауаттылық өз деңгейінде емес екенін айта кету керек».

Қаржылық сауаттылықтың экономикаға әсері: несие мен салық төленуге тиіс

Сарапшының пікірінше, халықтың қаржылық сауаттылығы ел экономикасына тікелей әсер етеді. Өйткені қаржылық жағынан сауатты адам алған несиесін міндетті түрде қайтарады және салық төлеуден қашпайды. Мақсат Халықтың сөзінше, азаматтардың бұл міндеттерден қашуы банктердегі несие пайызының жоғары болуына әкеліп соғады деген ол: «Мәселен, біздегі банктердің несиелік пайызы неліктен жоғары, ал дамыған мемлекеттерде неге төмен?» деген сұрақ көп қойылады. Оның екі себебі бар. Біріншісі – біз дамушы ел болғандықтан, инфляцияның жоғары болуы. Ақша құнсызданып жатқан тұста банктер де несиені төмен пайызбен бере алмайды. Қазір инфляциялық таргеттеу саясатын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылға қарай инфляцияны 3-4%-дың шегіне жеткіземіз деп отыр. Ол кезде белгілі бір дәрежеде пайыздар да түсуі мүмкін. Базалық пайыздық мөлшерлеме 5%-ға дейін түссе, онда ипотекалық несиелер 7%-бен кез келген банкте қолжетімді болады. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмен болу себебінен де пайыздар жоғары деп айтуға болады. Банктерде жасалған статистика бойынша, әрбір үш адамның біреуі несиесін қайтармайды екен. Сондықтан олар қайтаратын екі адамның, яғни өзінің тәуекелдерін несиесін қайтаратын адамның мойнына іліп қояды. Пайыздың жоғары болуының бір себебі – осы».

«Алған несиені қайтармай қою да — қаржылық сауатсыздықтың белгісі. Ал қайтпай қалған несиелердің көптігі алдағы уақытта пайыздың артуына әкеледі. Қаржылық сауатты адам несие алар кезде өз мүмкіндіктеріне қарап, қарызын өтеуге тырысады. Сондықтан қаржылық сауатты болу да экономикаға оң әсерін тигізеді. Екіншісі – салық төлеу. Еуропа елдерінде «менің дауысым – менің салығым» деген ұғым бар. Олар президентіне дауыс беруге және салық төлуге адал болады. Ал бізде салық төлеуден жалтаратындар саны көп, әсіресе кәсіпкерлердің арасында баршылық», - деп атап өтті ол.

Қаржылық сауаттылықты арттыру шаралары

Жалпы қазіргі таңда үкімет тарапынан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынған. Мәселен, ҚР Үкіметі 2020 жылы 30 мамырда «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекіткен болатын. Оның басты мақсаты да халықтың түрлі топтарының қаржылық білім деңгейін, сауатын және қаржылық қолжетімділігін арттыру. Осы орайда, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауаттылықты арттыру мақсатында істеліп жатқан жұмыстар жөнінде сұрау салғанбыз. ҚР ҚНРДА Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру бойынша қолға алынған іс-шарамен таныстырып өтті.

«2021 жылы «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-мен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп Мемлекет қатысатын компаниялардың қызметкерлері үшін оқыту іс-шараларын өткізу жөніндегі тұжырымдаманың іс-шаралар жоспары шеңберінде жұмыс, Қазақстандағы IDF Eurasia, Solvo тобымен бірлесіп және облыс әкімдіктерінің қолдауымен өңірлер тұрғындары үшін қаржылық сауаттылық бойынша оқыту дәрістерінің жүрігізілді», - деп атап өтті департамент директоры.

Бұдан бөлек, ол 2021 жылы мектеп жасындағы балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Агенттік Freedom Finance Camp кеңейтілген жобасының шеңберінде Қазақстан мектептеріндегі қаржылық сауаттылық бойынша тегін сабақтар өткізілген.

Сонымен қоса, 2021 жылғы мамырда агенттіктің азаматтармен жедел өзара іс-қимыл жасауы және қаржы реттеушісінің, қаржы ұйымдарының, реттелетін субъектілердің қызметі мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың халық үшін қолжетімділігі мен толықтығын арттыру мақсатында Call-орталық жұмысын бастады. Азаматтар қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, агенттікке азаматтардан бұрын түскен өтініштерінің мәртебесін нақтылау, қаржы ұйымдарының жұмысы туралы кеңес алу мәселелері бойынша консультациялар алу үшін жүгіне алады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шаралары

Бұдан бөлек департамент директоры Александр Терентьев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шараларына да тоқталып өтті. Оның сөзінше, 2021 жылы Қазақстандық заңнамаға мүмкіндігі шектеулі азаматтар (МША) үшін қаржылық қолжетімділіктің өсуін тежейтін кедергілерді анықтау тұрғысынан бағалау және талдау жүргізу нәтижелері бойынша Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен (ҚҚҚ) бірлесіп, қаржы ұйымдары үшін қаржылық қызметтер көрсету және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету бойынша, сонымен қоса ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленген. Оның мақсаты – МША үшін қаржылық қызметтер мен өнімдерге қол жеткізу бойынша тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, МША үшін қаржылық қолжетімділіктегі айырмашылықты жою және қаржылық қызметтер мен өнімдерді алу кезінде туындайтын проблемаларды шешу. Қазір осы әдістемелік ұсынымдар бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Халықтың табысын арттыру: сарапшы ұсыныстары

Жалпы жоғарыда атап өткеніміздей, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен қаржылық сауатты арттырумен қоса, ел азаматтарының табысын көбейту мәселесі қолға алынғаны жөн. Осы орайда, 2022 жылы 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мен теңсіздікті жою мәселесін қозғап, тапсырма берді. Өз сөзінде экономист Мақсат Халық та азаматтардың табысын арттыру керегін тілге тиек етті. Ол халықтың бүгінгі табысына сараптама жасап, өз ұсыныстарын жеткізді.

«Қазір жаңа экономикалық саясатқа байланысты нақты жоспар қабылданып жатыр, сол жерде президенттің нақты тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Халықтың табысын арттыру» деген бағыт бар. Менің ойымша, осының аясында халықтың табысы артады. Оған қатысты өзімнің де ұсыныстарым бар. Бірінші кезекте, ең төменгі күнкөріс шегін көтеруіміз керек, қазір бұл — 36 мың теңге. 36 мыңнан төмен табыс табатын азаматтарды біз әлеуметтік жағынан осал топтар қатарына енгіздік, оларға арнаулы әлеуметтік төлемдер төленіп жатыр. Бірақ бұл әлемдік стандарттардан әлдеқайда қалыс қалғанын, бұл қаржы бір ай өмір сүруге де жеткіліксіз екенін бәріміз білеміз. Сондықтан оны көбейтуіміз керек. Дүниежүзілік банктің мәліметіндегі әлемдік стандартта күніне 5,5 доллар деп тұр. Оны теңгеге ауыстыратын болсақ, ол шамамен 70 мың теңге. Демек біздегі ең төменгі күнкөріс шегі 70 мың теңге болуы керек. Одан төмен табыс табатын азаматтарды әлеуметтік осал топтарға жатқызып, арнаулы төлемдер төленуі керек», - деді Мақсат Халық.

Сонымен қоса ол қазір бізде ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңге екенін атап өтіп, нақты есептеулер бойынша төменгі жалақы мөлшері 80 мың теңге болуға тиіс деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ салық саясатына қатысты 100 мың теңгеден аз табатын азаматтарға жеке табыс салығы салынбауы керек,-дейді ол. «Қазір 100 мың теңгеден аз табатын азаматтардан да 10% жеке табыс салығы ұсталады. Тіпті керек десек, 1% қылып, 9%-ын қызметкерге қайтарып беру керек. Менің ойымша, мемлекет тарапынан нақты осындай жұмыстар жүргізілуі қажет»,-деп, өз ұсыныстарымен бөлісті.

Табысты арттыру мақсатындағы сарапшы кеңестері

Экономист маман үкімет табысымды арттыруы керек деп отырмай, әр азамат өз табысын арттыруға жұмыстану керегін айтып, бірқатар кеңес айтып өтті. Оның пікірінше, бір жылда адамның табысы жоқ дегенде 20%-ға өсуі керек, яғни 20%-ға арттыруды мақсат етуі қажет. Кейін ми не істеуге болатынын ойлап, жан-жақтан мүмкіндіктерді қарастыра бастайды. Мәселен, «табысты арттыру үшін қандай қабілеттерді шыңдау керек?» деген секілді жолдарын іздей бастайды.

Шығынды есептеу. Оның пікірінше, табысты арттыруды ойламастан бұрын, шығынды есептеген дұрыс. Егер шығындарыңызды есептемесеңіз, табысыңыздың артқаннан да пайда болмай қалуы мүмкін. Табыс артады да, шығындарыңыз да ұлғая береді. Сондықтан да шығындарды реттей білу қаржылық сауаттылықтың негізі деп айтуға болады. «Шығындарыңызды басқара алсаңыз, өзіңізді қаржылық жағынан сауаттымын деп есептесеңіз болады. Шығындарды біраз категорияға бөлу керек. Мәселен, ең үлкен шығынды азық-түлік шығындары құрайды. Сол себепті азық-түлік шығындарын реттеу керек. Оны реттеу барысында бірқатар кеңесті ескерген дұрыс. Мысалы, дүкенге барған кезде аш бармаңыз, өйткені қарныңыз ашып тұрғанда сіз артық нәрселерді алып қоясыз. Сондай-ақ алдын ала арнайы тізім жасап, сол жерде көрсетілген заттарды ғана алу керек. Әйтпесе аралап жүріп, бәрі керек сияқты көрінеді де, көп дүниені сатып алып қоямыз. Бұл шығындарды көбейтеді. Бұдан бөлек, көп шығын қайда жұмсалатынын зерттеу керек. Транспорт, азық-түлік, тойға беретін, коммуналды қызметтер, балаларыңыздың курстары секілді шығындарды жүйелеп, бөлген дұрыс. Кейін оны міндетті түрде жазып отыру керек. Қаржының қайда кеткенін үнемі жазып отырсаңыз, бір-екі айда қайда жұмсалатыны белгілі болады», - деп түсіндірді сарапшы.

Жоспар құру. Сонымен қоса міндетті түрде жоспар құрылуы керек,-дейді ол. «Мәселен, үй алатын болсаңыз, оған жинайтын қаржыны жоспарға қосу керек. Сондықтан алдымен басымдықтарды анықтап, өзіңізге не керегін білген жөн»,-деп атап өтті.

Табыстың 10%-ын жинаққа қосу. «Табысыңыздың 10%-ын жинақ ретінде бөліп отыруды әдетке айналдырған жөн. Яғни депозит ашып, соған аударып отыру. Тек айлығыңыздың 10%-ын ғана емес, үйге келген барлық табыс көзінің 10%-ын аударып отыру керек. Ол мәселен, көрімдік, қосымша жұмыстың қаржысы немесе бонус болуы да мүмкін. Бұл отбасында қауіпсіздік қорының құрылуына септігін тигізеді. Аяқасты бір жағдай бола қалған кезде, осы қор сізге көмекке келеді. Депозитке тұрақты салып отырсаңыз, жыл соңында берілетін сіз салған соманың 10%-ы инфляциядан сізді қорғап қалады»,-деп түсіндірді Мақсат Халық.

Ақша жинау кезінде нені ескеру керек?

Жалпы ақша жинау кезіндегі мақсат — жиналған соманы көбейту. Осы тұста қаржы сарапшысының айтуынша, азаматтар тез байып кетуді ойлап, қаржылық алаяқтарға алданып қалып жатады екен. «Мәселен, бәз біреулер «бізге ақшаңызды салсаңыз, екі-ақ айда екі есе қып қайтарып аласыз» деп жатады. Ал қаржылық жағынан сауатты адам бірден «депозитке салсам, бір жылда 100-ақ мың теңге пайда көрем, ал сен екі айда 2 млн теңге берем деп отырсың, бұл қалай сонда, ақылға сыйымсыз?» - деп кесіп айтады. Қаржылық алаяқтардың бәріне ортақ бір дүние: «қысқа уақытта көп ақша табасыз» деп айтады. Сондай-ақ өзіңнен кейін адам алып келу керек десе де, жоламаған жөн. Жалпы тез байып кету мүмкін емес. Екі-үш жыл асықпай ақшаңызды жинақтап, оны көбейту жағын ойластыру керек. Шығындарыңызды ұлғайтып жібермеуге, оны азайтудың жолдарын қарастырған жөн»,-деп кеңес берді ол.

Оның айтуынша, қаржыгердің бір қағидасы бар. «Барлық адам өз мүлкін сатып жатқан кезде, сіз сатпаңыз. Барлық адам сатып алып жатқан кезде, сіз сатып алмаңыз» деген. Бәрі сата бастағанда, сіз сатпаңыз, өйткені ұтылып қаласыз. Бәрі сатып алып жатқан кезде де сіз сатып алмаңыз, тағы да ұтыласыз. Мәселен, доллар өсіп жатыр, бәрі алып жатыр деп жүгіріп барсаңыз, кейін ұтыласыз. Өйткені ол жерде де спекулянттар болады, соларға алданып қалмас үшін салмақтылық таныту қажет», - деді Мақсат Халық.

Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар