Қаржыландырудың жаңа моделі сот жүйесінің тәуелсіздігін арттырады - Сенат төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сот жүйесін жетілдіру мен дауларды соттан тыс реттеуге қатысты қабылданған заңдарға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін қабылданған заңдар Мемлекет басшысының сот жүйесін жетілдіруге арналған бастамаларын іске асыру үшін әзірленді. Парламент депутаттары бастамашыл болған заңдар еліміздегі сот жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейді. Атап айтқанда, сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін бекіту арқылы сот жүйесінің және судьялардың тәуелсіздігін арттырады. Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесін және судьяларды конкурстық іріктеу тетіктерін жетілдіреді. Жаңа нормалар сот жүйесінде заманауи технологияларды кеңінен пайдалануға да мүмкіндік береді», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Оның пайымынша, жаңа нормалар Жоғарғы сот Кеңесінің және Жоғарғы соттың пленарлық отырысының құзыреттерін кеңейтеді.

«Қабылданған заңдардар азаматтық-құқықтарды қорғаудың соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу тетіктерін дамытады. Медиация институтының кеңінен қолданылуы үшін жаңа құқықтық ережелер де қабылданды. Жалпы, бұл нормалар сот жүйесіне маңызды жаңашылдықтар енгізіп отыр. Олар сот жүйесінің тиімділігін арттырады деп сенеміз», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңы қабылданды.

Бұдан бөлек сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын да қабылдады.


Соңғы жаңалықтар