Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттік қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын, оның ішінде тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарын одан әрі кеңейту арқылы қамтамасыз етеді. Банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және бизнесті кредиттеу үшін 2020 жылы енгізілген пруденциялық реттеудің уақытша шаралары қайта қаралады. Қаржы нарығын дамытудың орта мерзімді перспективадағы стратегиялық бағыттарын айқындау үшін биыл Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді», - деді Мадина Әбілқасымова Үкімет отырысында Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімді талқылау барысында.

Оның айтуынша жұмыс істемейтін активтердің өтімді нарығын құру мақсатында құқықтық және салық кедергілерін жою үшін, сондай-ақ стрестік активтер нарығына жеке басқарушы компанияларды тарту үшін заңнамалық түзетулер әзірленеді.

«Қор нарығына жергілікті және шетелдік жеке инвесторларды кеңінен тарту үшін Халықтық IPO форматының тәсілдері айқындалады. Шағын және орта капиталы бар жеке қазақстандық эмитенттер санын ұлғайту міндеті тұр. Ол үшін агенттік салықтық және өзге де талаптарды әзірлейді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар