Қаржы пирамидасының негізігі төрт түрі бар – агенттік

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл елімізде қаржы пирамидасын құруға қатысты 33 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, биыл барлығы 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша 33 қылмыстық іс тіркелді.

«Сот 7 қылмыстық істі қарады, олар бойынша 11 адам сотталды, оның ішінде 1 - шет мемлекеттің азаматына қатысты. Барлық тұлғаларға нақты мерзімге – 3 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл ретте 7 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды»,- дейді ол.

Оның айтуынша, қаржы пирамидасының негізі төрт түрі бар.

«Бүгінгі таңда агенттік қаржы пирамидасының негізгі төрт түрін анықтады. Атап айтар болсақ, мессенджерлердегі чаттар, яғни WhatsApp, Telegram арқылы таратып, қызметтерін ұсынып жатады. Екінші, желілік маркетинг. Оның ішінде түрлі білім курстары бар, тіпті зергерлік бұйымдар сатады. Осындай жолмен қаржылық пирамидасын ашады. Үшінші, инвестициялық жобалар және төртіншісі тұтыну кооперативтері»,- деп толықтырды ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды аса сақ болуға және оларды қаржылық пирамидаларға тартатын алаяқтардың айла-амалына түспеуге шақырады. Бұған дейін «Innova Gold» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар екі айға қамауға алынғаны туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар