Қаржы пирамидасына қатысты сот: Вайнерлер қандай схемамен жұмыс істеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасының ісі бойынша басты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысы онлайн форматта өтіп жатыр. Оған 12 айыпталушы қатысты. Олардың қатарында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Істі Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат Саурова қарауда.

Басты сот отырысында прокурор Ерлан Құланбаев айыптау қорытындысын оқыды. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 2019 жылдың басында инвестиция саласында кәсіпкерлік қызметте тәжірибесі бар К. қаржы пирамидасын құрған.

Айыптау қорытындысына сәйкес, ол өзінің жақын туысы М.-ны ұйымдасқан қылмыстық топқа қосып, оған әртүрлі тапсырмаларды орындау міндетін жүктеген. Ал ол өз кезегінде 2019 жылы «ACD Technology» мен «Astex» ЖШС-ін тіркеген.

Одан әрі К., ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы бола отырып, салымшыларға айына 20%-ға дейін, яғни жылына 240%-ды құрайтын депозиттер бойынша жоғары кепілдік берілген табысқа уәде берген. Сонымен бірге ол тұрақты пайда алу үшін жаңа инвесторлардың санын үнемі көбейту қажет екенін түсінді.

Осылайша, екі ЖШС тіркелгеннен бері көптеген инвесторлармен келісімшарттар жасалды. Зардап шеккендер арасында 70, 80 және 125 миллион теңгеден астам қаржы салғандар да бар. Барлығы 2 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасалды.

Бірнеше айдан кейін олар өз қызметіне сенімді және заңды болып көріну үшін танымал тұлғаларды тартты, Әзімжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов іске қосылды.

«Бұл адамдар ұсынылған іс-әрекеттердің заңсыздығын түсініп, қаржы пирамидасына қатысуға өз келісімдерін берді. Олардың рөлі персоналды басқару, ойдан шығарылған келісімшарттарды дайындау және ресімдеу, әлеуетті инвесторлармен кездесу, қаржылық пирамиданы жарнамалау, салымшылардың қаражатын тарту болды», - деді Ерлан Құланбаев.

2020 жылдың мамыр айында жаңа «Mudarabah Capital» ЖШС тіркелді. Бұл компанияны инвесторлардан ақша тарту құралы ретінде пайдаланды. Сол жылдың маусым айында Mudarabah Capital мен Astex арасында келісім жасалды, оған сәйкес алғашқысы клиенттерді іздеуге, Astex атынан келісім жасауға, келісім жасалғаннан кейін кеңес беруге және басқа да заңды операцияларды жүргізуге міндеттенді.

«Бұл келісім Mudarabah Capital-дың Astex құрылымдық бөлімшесі болғанын көрсетеді»,- деді прокурор.

«Mudarabah Capital» ЖШС негізін қалаушылардың бірі болған Б. директор болып тағайындалды. Құрылтайшы Азимжан Саидбаев әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі керек еді. Ол құрылтайшылар арасында қаржы бөлуге де атсалысты.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, 2020 жылдың қыркүйек айының соңында Саидбаев, Шерниязов және басқалары қаржы пирамидасын танымал ету үшін әлеуметтік желілерде миллионнан аса оқырманы бар Мейіржан Төребаевқа жүгінген. Оған сыйақы берілетіні уәде етіліп, бірлескен қылмыстық әрекеттерге тартылғаны айтылды.

«Төребаев ұсыныстың заңсыз екенін түсініп, пирамида істен шықса, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кете алатынына сенімді болып, келісімін беріп, ұйымдасқан қылмыстық топқа қосылған. Ол салымшыларға пайыз төлеу мүмкін емесін, бұл заңсыз қаржы пирамидасы екенін, жұмыстың табыстылығын бағалап, салымшылардың қаражатынан айырылатынын түсіне отырып, жұмысқа кірісті»,- деді деді мемлекеттік айыптаушы.

Оның айтуынша, Төребаев пирамиданы кеңінен насихаттап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, оған қаржы салынып жатқанын, мұның бәрі заңды екенін әлеуметтік желілерде көрсетуі керек еді. Барлық құрылтайшылардың жарғылық капиталда 11-11,5% үлесі болды.

Кейін судья Кәмшат Саурова айыпталушылардың тағылған айыпқа қатысты пікірін сұрады. Шерниязов пен Төребаев қаржы пирамидасын құрды және ұйымдастырды деген айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын айтты.

Бұған дейін сот вайнер Мейіржан Төребаевты тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырған болатын.

Айта кетейік, 12 желтоқсанда қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған танымал вайнерлердің ісі сотқа жолданған болатын.

Қаржы пирамидасы ісі бойынша, А. Ораз пен А. Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланған. Қадағалау органының мәліметінше, қылмыстық істің негізінде 41 жылжымайтын мүлікке, 3 автокөлікке, 9 банк шотына және 16 компанияның жарғылық капиталындағы әртүрлі үлестерге тыйым салынды.

Танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша айып тақты.


Соңғы жаңалықтар