Қаржы пирамидасын жарнамалайтын 52 сілтеме бұғатталды – Бас прокурор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінің көмегімен қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 52 сілтеме бұғатталды. ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігіне ықтимал қаржы пирамидалары туралы 66 ақпарат келіп түсті. Олардың 9-ы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп жазды Ғизат Нұрдәулетов депутаттық сауалға берген жауабында.

Ол, сондай-ақ, ведомствоның осы бағытта жүргізіп жатқан алдын алу жұмысы туралы мәлімет берді.

«Интернет желісіндегі заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін Бас прокуратураның бастамасымен 2017 жылы «Kazdream Technology» ЖШС «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесін әзірледі», - деп жазылған Бас прокурордың жауабында.

Бас прокуратураның хабарлауынша, жүйеге прокуратура мен аумақтық ведомсвтоаларының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен аумақтық департаменттердің, ішкі істер министрлігі мен әкімдіктердің 185 қызметкері енгізілген.

«Ақпараттық жүйе функционалы құқыққа қарсы контентті қадағалау мен бұғаттайды. Сондай-ақ, қайталап жарияланған мәліметтердің қаралымын зерделеп, статистика жүргізеді. Бүгінгі таңда жүйе қаржы пирамидасының қызметін заңсыз жарнамалайтын 52 сілтемені бұғаттады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 9 интернет-ресурсқа 39 жарияланымды алып тастауды талап ететін алты ұйғарым жіберді» - деп түйіндеді Ғизат Нұрдәулетов.


Соңғы жаңалықтар