Қаржы пирамидасын жарнамалағандар 3-7 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Ли қаржы пирамидасын жарнамалағандарға қандай жаза тағайындалғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінде қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл туралы заң жобалары мақұлданды. Онда қаржы пирамидаларының жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілген.

«Біз 217/1-бап түрінде ұсынып отырған бұл шара қаржы пирамидасы сияқты құбылысқа нақты заңнамалық жауап болады. Осы бапты енгізгеннен кейін атақты адамдар, блогерлер мен вайнерлер және басқа да қоғамдық пікір жетекшілері белгілі бір қаржы өнімдерін жарнамалау кезінде анағұрлым мұқият және жауапты болады деп үміттенемін», - деді Юрий Ли Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның үстіне, депутат бұл үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелгенін еске салды.

«Анықтама үшін айта кетейін, осы әрекеттің 1-бөлігі бойынша 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл салуға немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазалары қарастырылған. Ал 4-бөлігі – қылмысты саралайтын құрам, онда қылмыстық жаза ретінде мүлікті тәркілеу мен 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазылған. Сондықтан бұл қылмыстың өте тиімді алдын алу шарасы. Әрине, құқық қорғау органдарының қызметі мен еліміздегі қаржылық сауатты арттыру туралы да ұмытпауымыз керек», - деді Юрий Ли.


Соңғы жаңалықтар