Қаржы пирамидасын құрған ақмолалық сотталды
2022 жылғы 17 тамыз 22:50

Қаржы пирамидасын құрған ақмолалық сотталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алаяқтық жасап, қаржы пирамидасын құрған Алмола облысының тұрғыны 6 жыл 8 айға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қалалық сотының үкімімен «Рахимбек Консалтинг» ЖШС-нің директоры азаматша «Д» Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан 6 жыл мерзімге айыра отырып, жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтеуменен, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға сотталды. Жәбірленушілердің материалдық залалын өтеу туралы талап арыздары қанағаттандырылды.

«Сотта анықталғандай, азаматша «Д» Көкшетау қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырып құрды, жеңілдетілген шарттармен мүлік сатып алу үшін ақшаны тарту арқылы заңсыз табыс алып тұрды. Осы мақсатта «Д» есімді азамат 2016 жылы «Тиімді тұрғын үй», ал 2017 жылы «MANSUR AUTO» тұтынушы кооперативтерін тіркеді», - деді ведомстводан.

2016 жылғы қазан - 2021 жылғы маусым аралығында азаматша «Д» үлескерлерге мүлікті тиімді шарттармен сатып алуға уәде беріп, бұрын жүгінген салымшылардың пайлық жарналарын кейінірек жүгінген салымшылардың пайдасына қайта бөліп отырды. Клиенттерді тарту мақсатында ол «OLX» интернет-сайтында хабарландыру жариялап, билбордтарда жарнама беріп, тұрғын үй мен көлік құралдарын сатып алу бойынша басқа бағдарламалармен салыстырғанда кооперативтердің тиімді бағдарламасы туралы мәлімет таратты. Нәтижесінде оған әртүрлі өңірлердің тұрғындары жүгінді.

«Бұдан әрі ол клиенттермен пай және кіру жарнасы туралы жалған келісімшарт жасады. Үлескерлер кооперативтерден қызығушылық тудыратын мүлікті алуға үміттеніп, келісім-шарттар жасасып, кооперативтің шоттарына ақша аударды. Шарт жасасу кезінде азаматша «Д» қатысушыларды мүлік 3-6 ай ішінде сатып алынады деп сендірді. Азаматша «Д» азаматтарға тұрғын үй және өзге де техниканы берем деп сылтауымен олардан ақша қаражатын алып, кейіннен оларды өз қалауы бойынша пайдаланды. Оның қылмыстық әрекет кезеңінде 22 жәбірленушіге 86,5 млн. теңге жалпы сомаға аса ірі мөлшерде залал келтірілді», - деп толықтырды соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT