Қаржы пирамидасы: Алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қоғамда қазіргі таңда алаяқтықтың алуан түрі таралған. Өзгенің сеніміне кіріп, қаржысын жымқыру ең көп жасалатын қылмыстардың қатарында тұр. Ішкі істер министрлігі былтыр 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидасының құрбаны болғанын ресми хабарлады. Жәбірленушілер 54 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған. Күн өткен сайын қаржы пирамидасының құрығына түсіп, алданушылар саны көбейіп барады. Осы тұста, қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады? Олардың жүйесі қандай? Көлеңкедегі құрылтайшылары кімдер? Тұзаққа түспеу үшін не істеу керек? Мұндай алаяқтықтың жазасы қандай? Міне, осы сауалдар төңірегінде жауап іздеп көрген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қаржы пирамидасы деген не?

Елімізде ең алғашқы қаржы пирамидасы 1993 жылы пайда болған. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіп, қаржылық сауаттылық деңгейі өсті десек те, әлі күнге дейін табысқа кенелетініне сеніп, бар жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салатындардың саны азаймай отыр. Мәселен, былтыр еліміз бойынша 31 мыңға жуық адам 54 млрд теңгені қаржы пирамидасына салған. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қаржы пирамидасының түрлері көп. Атап айтар болсақ, мессенджерлердегі чаттар, яғни WhatsApp, Telegram арқылы таратып, қызметтерін ұсынатындар. Екінші, желілік маркетинг. Оның ішінде түрлі білім курстары бар, тіпті зергерлік бұйымдарды да сатады. Осындай жолмен қаржылық пирамидасын ашады. Үшінші, инвестициялық жобалар және төртіншісі тұтыну кооперативтері.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, биыл 28 қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша 44 қылмыстық іс тіркеліп, 6,5 млрд теңгенің мүлкін тәркілеген. Жыл басынан бері қаржы пирамидасына тән белгілері бар 3 мыңға жуық сілтеме бұғатталған.

«Қаржы пирамидаларын бірден ажырату қиын»

Қазіргі таңда алданып қалғандар жайлы ақпаратттар жарияланып жатқанымен, қауіпті үрдістің шынайы бейнесі тиісті деңгейде айқындалмай отыр. Сарапшылардың айтуынша, жалпы, қаржы пирамидаларын бірден ажырату қиын. Белгілі экономист Мақсат Халықтың сөзінше, олар желілік маркетинг, қор биржалары түрінде де жұмыс істей береді. Яғни, қаржы, инвестиция нарығында пайда болған трендтердің ешқайсысын құр жібермейді. Алайда ортақ ұқсастықтары барын айтып, тізбектеп берді.

«Ең қызығы қаржы пирамидасы заманның өзгеруіне байланысты түрленіп отырады. Сондықтан оны ажыратып алу қиын. Өйткені соңғы уақытта криптовалюта, биткоинның әсерінен көп қаржы ұйымдары пайда болып кетті. Түптеп келгенде, ұқсас жақтары өте көп. Біріншіден, осы қаржы пирамидасын құрып, ел есінде қалған италиялық Чарльз Понци схемасымен байланыстырып айтады. Ол дегеніміз бір адам бастаушы болады да, қалған адам артынан ереді. Яғни, бастаған адам бір-екі адамды көндіреді. Сол аралықта өзге адамдарды да тарта бастайды және ақшаны бастапқы кірген адамдарға уәде еткендей толық төлейді. Бұл пирамида ең соңғы адам келуін тоқтатқан кезде ғана құлайды. Сондықтан олар үнемі үздіксіз адам тартумен айналысады»,- деді Мақсат Халық.

Қаржы алаяқтарының сайттары «xwz» доменімен аяқталады

Экономист қаржы алаяқтары азаматтарды өзі іздеп жүріп өз қызметін ұсынатынын айтады. Сондай-ақ олар ұсынған сайт доменіне мән беріп қарауға шақырады.

«Тағы бір белгісі олар сізді өздері іздеп келеді. Негізінде, қай компанияны алып қарасаңыз да, ол қарапайым халыққа өз қызметін ұсынбайды. Олар өздігінен сізге қоңырау шалып, өз мүмкіндіктері мен артықшылықтарын таныстырады. Сайт сілтемесін жібереді. Алайда сайттарының домендеріне мән беріп қарайтын болсаңыз, қазақстандық компания болса «kz», әлемдік компания болса «com» деп бітеді. Ал оларда «xwz» болып аяқталады. Ондайды да қарапайым халық байқамайды. Тіпті сенімді болу үшін мысалы «Халық банктің» суретін қойып қоюы мүмкін. Соңғы уақытта тіпті Президентіміздің «Самұрық-Қазына» АҚ трансформациялау бойынша тапсырмасын пайдаланып, Мемлекет басшысының сөзін қойып әлеуметтік желіге көп таратылып жүргенін байқап жүрміз. Сондай-ақ «осындай халықтың әл-ауқатын арттыру үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына осындай қаржы салсаңыздар, байып кетесіздер» деп адамдарды алдап жатқандар да бар»,- деді экономист.

Қаржы маманының пікірінше, азаматтар әлеуметтік жетіспеушілік салдарынан алаяқтардың құрығына жиі түсіп отыр. Оның сөзінше, мемлекет халықтың табысын арттыру бойынша міндетті өз мойынына алмайынша, бұл мәселе толық шешілмейді.

«Адамдар тез байып кеткісі келеді. Екінші мәселе - азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайының нашарлығы. Жалақысы күнкөрісіне жетпейді. Салдарынан қаржылық ұйымдардан қарыз алады. Сол шығыннан шығамын деп қосымша қаржы табудың жолын іздеп, қаржылық алаяқтардың артынан еріп кететіндері бар. Сондықтан осы екі мәселе шешілуі керек. Әрине, мемлекет өз тарапынан халықтың табысын арттыру бойынша міндетті мойнына алсын, ал әр азамат өз еңбегімен әрі адал жолмен қаржы табуды ойластыруы қажет»,- дейді экономист Мақсат Халық.

«Қаржы пирамидаларының фирмалары салық төлемейтін аралдарда орналасқан»

Белгілі заңгер Абзал Құспаннан қаржы пирамидасының жұмыс істеу жүйесін және көлеңкедегі құрылтайшылары туралы сұрап көрдік. «Қазір қаржы пирамидаларының түрлері көбейді. Бұрынғыдай тек ақша салып, оны 10-20 кісіден кейін қайтарып аласың деген қарапайым тәсілдерден көрі, қандай да бір қызмет түрлерін, әсіресе бір тауар түрін сатуға шығаратын болған. Ол тауардың шын мәнінде ешқандай құны жоқ. Алайда 1000 еселенген бағада қымбатқа сатылып жатыр. Бірақ адамның қолына тауар ұстатып қойғасын заңды қаржы институттарының жұмысын алмастырып тұрғандай күйде болады. Бұл нәрселер адамдарды шатастырады»,- деді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, қаржы салушылардың саны неғұрлым ұлғайған сайын, соғұрлым төмендегі адамдардың қаржысын қайтарып алуға деген мүмкіндігі азая түседі. Тіпті, белгілі бір жағдайға жеткен кезде, ол ақшаны қайтару мүлде мүмкін емес болады.

«Әбден ақшаның қоры көбейген кезде, көлеңкедегі құрылтайшылары ол ақшаны шығарып алып, ізін суытып үлгереді. Негізінен халықаралық басқа да елдер қолданылған технологиялардың артында шетелдік құрылтайшылар тұр. Яғни, Қазақстанға келіп азаматтарды іске тартады да, өздері тасада тұрады. Көп жағдайда олардың фирмалары салық төлемейтін аралдарда орналасқан»,- дейді Абзал Құспан.

«Қазақстанда тіркелмеген компаниямен жұмыс істемеу керек»

Адвокат қаржы салып алданғандардың көпшілігі қарапайым ережелерді ұстанбайтынын, тіпті алаяқтардың арбауына түскен жағдайда қайда шағымдану қажеттігін де білмейтінін тілге тиек етті.

«Қаржы пирамидасы Қазақстанда тіркелмеген болса, сонымен қоса оның тұрақты мекенжайы болмаса, онда мүлде жұмыс істеуге болмайды деген қатаң ережені ұстану керек. Тіпті қаржы пирамидасы екенін анықтап үлгере алмай жатса, тым болмағанда оның құжатын тексеру керек. «Uchet.kz» деген сайт арқылы басшысының аты-жөнін, құрылтайшыларының кім екенін анықтау қажет. Қазақстанның резиденті екеніне көз жеткізу анау айтқан сауаттылықты қажет етпейді. Болашақта бизнес дұрыс болмай қалса, қайда сотқа беру керектігін де ойлау керек. Айталық, сіз Ақмола облысының тұрғынысыз, ал қаржы пирамидасы Қызылордада тіркелген болса, онда сіз Қызылорданың экономикалық сотына жүгіне аласыз. Әркез талап-арыз жауапкершілікті тұрғылықты жеріне, жауапкердің орналасқан жеріндегі сотқа беріледі. Ал егер ол компания Қазақстанда мүлде тіркелмеген болса, онда «сайда саны, құмда ізі жоқ» деген сөз. Ондай жағдайда қаржылық пирамида екеніне көзіңіз жетпей тұрса да, іскерлік қарым-қатынас құрудың қажеті жоқ»,- дейді ол.

Заң маманы азаматтарымыздың көбі қаржы пирамидасы екенін біле тұра, сол компанияға кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда «қара басының қамын ғана ойлайтындар» көбейген.

«Негізі біраз азамат қаржы пирамидасы екенін біледі. Біле тұра, әдейі барады. Оған өз ақшасын шығарып алса болды. Кейде тіпті үлгере алмай, сол алданғандардың қатарында өздері қалып қояды. Сондықтан жылап жатқан жәбірленушінің бәрінің көз жасына сене беруге тағы болмайды. Талай мәрте анықтадым. Олардың әлеуметтік парақшаларынан да аңғаруға болады. Бір күні анаған, бір күні мынаған ақша салып жатады. Ал бір мезет ақшасы шықпай қалса, жәбірлендік деп шығады. Ал ақшасы шықса, үнсіз отырады. Бірақ өзінен кейін қанша адам сорлап жатыр, онда шаруасы жоқ. Бұл нәрсені де назардан тыс қалдыруға болмайды»,- дейді Абзал Құспан.

Алаяқтықтарды мемлекет неліктен құрықтай алмай отыр?

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бұл іспен Қаржы нарығын қадағалау және реттеу бойынша агенттік айналысады. Алайда алаяқтарды құрықтауға кедергі бар екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда күш құрылымдары тікелей жұмыс істей алмайды. Оған шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий себеп болып отыр. Негізі 3 жылға жарияланған болатын. Соңғы уақытта тағы 1 жылға созу туралы ұсыныс болып жатыр. Осы жағдайда мемлекет әр компанияның есігін қағып тексере алмайды. Тек міндетті түрде арыз-шағым арқылы тексеріс жүргізе алады. Сонымен қатар қаржылық алаяқтардың көбі шетелден келіп жатыр. Ол жаққа аударылып кеткен ақша тіпті қайтпайды. Құзырлы органдар шетелдік компаниялардан сақ болуға шақырады. Тіпті, ешқандай жаза да қолдана алмайды. Сондықтан әр адам ең алдымен қаржылық сауатты болуы керек. Қандай құжаты бар деген кезде Әділет басқармасына тіркелген куәлігін көрсетеді. Ал азаматтарымыз сеніп қалады. Егер қаржылық операция жасайтын болса, бұл куәлік аздық етеді. Лицензиясын сұрау керек»,- дейді Мақсат Халық.

Бұдан бөлек заңгер Абзал Құспан Қаржы нырығын реттеу агенттігі мен қаржылық мониторинг агенттігіне қаржы пирамидаларын анықтауға қатысты қосымша өкілеттіктер беру туралы мәселе қаралып жатырғанын жеткізді. «Мен сол жұмыс тобында бармын. Біз өз тарапымыздан ұсыныстар бердік. Қылмыстық кодекстегі нормаларды қатайтуға және осы қаржы пирамидасын жарнамалау бойынша өз алдына бөлек қылмыстық жауапкершілікті қарастырып жатырмыз. Ол заң осы жылдың аяғына дейін күшіне енуі керек. Ол жерде тағы бір нәрсені айта кеткен жөн, бұл - тығырықтан шығатын жол емес. Негізінен мемлекет барлық азаматтың бизнес бастамаларына тексеріс жүргізуінің түбі жақсылыққа апармайды. Ондай жағдай адал кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың жұмысына кедергі қою деген мәселенің көбеюіне әкеледі. Алдағы уақытта осындай проблемамен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Сондықтан бұл мәселені де назарда ұстаған жөн»,- дейді Абзал Құспан.

«Қаржылық сауаттылықты мектептен бастап оқыту керек»

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қаржылық сауаттылық курстары мектепте оқытылуы керек.

«Бастауыш сынып оқуышыларына «Қаржылық әліпби» деген пән енгізілуі керек. Гарвард университеті ғалымдарының зерттеулеріне сәйкес, 7 жастан бастап балаларға қаржы туралы толық мәлімет беруге болады. Сондықтан 3-4 сыныптан бастап үйреткен абзал. Жоғары сыныпқа өткенде «Экономикаға кіріспе», «Қаржылық сауаттылық», «Кәсіпкерлік негіздері» деген пәндер өткені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бұл - қазіргі заман талабы. Балаларымызды осылай тәрбиелесек, ертеңгі күні қаржылық алаяқтарға еріп кетпейтін әрі өз құқығын жақсы білетін азаматтар өсіп шығады»,-деп сөзін түіндеді.

Қаржы пирамидасына енген компаниялар мен ұйымдар

Сондай-ақ Қаржы нарығын қадағалау және реттеу агенттігі белсенді әрекет ететін мекемелерді қарап, қаржы пирамидасына күдік келтіретіндердің тізімін жариялады.

Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініш-шағымдарын қарау, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарын білдіретін қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл негізінде жасалған. Қазіргі уақытта тізімге 154 субъект кіреді. Ол тізімді осы жерден толық оқи аласыз. Сондай-ақ Қаржы нарығын қадағалау және реттеу агенттігіне қаржы пирамидасына қатысты күдігіңізді сұраныс ретінде жолдауға болатынын еске саламыз.


Соңғы жаңалықтар