Қаржы пирамидаларын басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі – Сенат төрағасы
2022 жылғы 28 маусым 12:33

Қаржы пирамидаларын басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі – Сенат төрағасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңды қабылдау қаржы пирамидаларын жарнамалауға тартылған адамдардың жауапкершілік дәрежесін анықтауға, аражігін ажыратуға және жасалған құқық бұзушылыққа мөлшерлес жауаптылыққа тартуға мүмкіндік береді.

Құжаттың мақсаты – қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін жауаптылықты күшейту, сондай-ақ азаматтарды қаржы пирамидасына тартуға алып келген ақпаратты (жарнаманы) таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты заңнамалық реттеуді қамтамасыз ету.

Заң жобасымен Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заң жобасының негізгі міндеттері:

- қаржы (инвестициялық) пирамидаларын құрғаны және оларға басшылық жасағаны үшін жазаны қатаңдату;

-- қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін тергеуге жататындығын айқындау болып отыр.

Сонымен қатар палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да қабылдады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда қаржы пирамидалары қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан ол қаржы алаяқтығымен күресте қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, қолданыстағы заңнаманы жетілдірудің маңызы зор екенін айтты.

«Қабылданған заңдарда қаржы пирамидаларының жарнамасын қылмыс деп тану және оларды құрып, басқарғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген. Бұл заңдар азаматтарды заңсыз қаржы және инвестиция жобаларына тартудан қорғауды күшейтеді. Сондай-ақ жаңа нормалар қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетеді деп сенеміз», – деді М. Әшімбаев.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT