Қаржы пирамидалары: Қазақстандықтар 8 млрд теңгесінен қағылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде қаржы пирамидаларынан 39 мың адам зардап шекті. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халықпен онлайн-кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған қоса, алаяқтар бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай жарнама орналастырып, танымал тұлғаларды, әртістерді тартады. Мәселен, мұндай әдіс «Выгодный займ», «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» микрокредит ұйымдарының қаржылық пирамидаларын құру барысында қолданылған», - деді ол.

Министрдің дерегінше, аталған ұйымдардың әрекеттері салдарынан 39 мың салымшы 8 млрд теңгеден астам қаражатынан қағылды.

«Олардың көпшілігі қазіргі уақытта қиын материалдық жағдайға тап болып отыр. Министрлік өз кезегінде жедел тергеу тобын құрып, оның құрамына барлық өңірлерден тергеушілер кірді. Қазірдің өзінде өңірлік филиалдардың 25 басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Елден тысқары аумаққа бой тасалаған үш ұйымдастырушы ұсталып, елге жеткізілді. Олардың біріншісі Молдавада, екіншісі Қырғызстанда, ал үшіншісі Ресейде ұсталды. Бұл іс бақылауда тұр», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Еске салайық, ҚР ІІМ бұған дейін мәлім еткендей, 2019ь жылдың қазан айында Қазақстанның 13 өңірінде бір уақытта 3 ЖШС, атап айтқанда, «Гарант 24 Ломбард», «ЕSTATE Ломбард», «Выгодный займ» жұмысын бастады. Аталған қаржылық кәсіпорындардың негізін қалаушылар мен басшылары – Ақтөбе облысының тумалары. Олар осы компаниялардың заңсыз жұмысын ұйымдастырған.

Компаниялардың жайлы кеңселері бар аймақтық өкілдіктері ашылған, жалған директорлары тағайындалып, қызметкерлер штаты құрылған. Солайша, азаматтардың мүлкі мен ақшасын жымқыру схемасы жасалған. Салымшылардың санын көбейту үшін Қазақстан эстрадасының және спорт саласының жұлдыздары тартылып, ауқымды жарнамалық кампания жүргізілген.

«WhatsApp мессенджері арқылы ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшылар қосылған. Аталған ЖШС-лар азаматтардан жылжитын және жылжымайтын мүліктерін қымбат бағамен бөліп төлеу арқылы сатып алған. Кейінгі 3-5 айда келісім сомасының бір бөлігін берген. Ал осы уақытта қабылданған мүліктер үшінші тұлғаларға нарықтағыдан төмен бағаға сатылып отырған», - деді ведомстводан.

Бұдан бөлек, аталған компаниялар ай сайынғы сомадан 30-дан 40% дейін сыйақы төлеуге уәде беріп, клиенттерден депозиттік салымдар қабылдаған. Барлық ақша бас кеңсеге түсіп отырған.

2020 жылдың 15 ақпаны күні ЖШС басшылары өз жұмысын бір уақытта тоқтатып, жымқырылған ақшамен із суытып кеткен. 19 ақпан күні «Гарант 24 Ломбард» ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылғы Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы WhatsApp чатында салымшыларына «Ақшаларыңызды қайтармаймын! Оңай олжаға кенелгісі келгендер! Бәріңе қош!» деген жазба қалдырған.

Дәл сол күні ішкі істер органдарына мүлкі мен ақшасынан айырылған аймақ-аймақтардағы адамдардан шағымдар түсе бастады.

Кейін, өңірлерде қаржы пирамидаларын құруға қатысы бар тұлғалар, олардың басшылары ұстала бастады. Негізгі құрылтайшылар, яғни 12 күдіктіне халықаралық іздеу жарияланды.

Қырғызстан Республикасында «ЕSTATE Ломбард» ЖШС-ның директоры Әсет Ысқақов ұсталды.

«Гарант 24 Ломбард» ЖШС-ның құрылтайшысы әрі «ЕSTATE Ломбард» және «Выгодный займ» ұйымдарының қылмыстық әрекеттеріне басшылық жасаған А.Мырзабеков Молдовада ұсталып, экстрадицияланды.

Ал Қазақстан мен Ресей шекарасында «Выгодный займ» ЖШС-ның негізін қалаған Жанболат Есіркепов қолға түсті.



Соңғы жаңалықтар