Қаржы нарығын реттеу агенттігі Jýsan банк пен АТФ банк арасындағы келісімге түсініктеме берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Jýsan банк АТФ банк акциясының 99,76 пайызын сатып алуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасына сілтеме жасап.

«Агенттік банктер арасында қол жеткізілген келісімді қолдайды және банктердің бизнес-модельдерінің бірігуі банк секторының тұрақтылығына және екі банктің қаржылық және технологиялық басымдықтарын пайдалану есебінен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал ететін болады деп есептейді.

Jýsan банк және АТФ банктің ағымдағы қызметі, сондай-ақ банктердің клиенттері үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі уақтылы және толық көлемде жүзеге асырылады.

Келісімді іске асыру үшін банктер депозиторлардың, кредиторлардың және банктердің өзге де клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын ескере отырып, ірі акционерлерді ауыстыруға агенттіктің келісімін алуға тиіс», делінген хабарламада.

Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп ағымдағы жылы екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасына тәуелсіз бағалауды (AQR) және 14 банкке толық ауқымды қадағалау стресс тестілеуді өткізді.

«AQR және қадағалап стресстестілеу қорытындысы бойынша барлық банктерге үздік халықаралық практикаға сәйкес бизнес модельдерді жетілдіру, анықталған кемшіліктерді жою және стрестік активтермен жұмыс істеу тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Екі банкті біріктіру туралы шешім AQR нәтижесі бойынша агенттік жүргізген жұмыстың нәтижесі болып табылады және банк секторының қаржылық орнықтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», делінген хабарламада.

Агенттіктің мәлімдеуінше, қосудың және біріктірудің талаптары мен жалпыға белгілі практикасына сәйкес қол жеткізілген келісімнің нәтижесі бойынша инвестор біріктірудің соңғы өлшемдерін анықтау үшін кешенді тексеру (due diligence) жүргізеді.

«Алдын ала келісу талаптары қосу мен біріктірудің классикалық моделіне (M&A) сәйкес келеді, оған сәйкес тәуекелдер АТФ банктің ағымдағы меншікті капиталы есебінен өтелетін болады.

Тұтастай алғанда, банктерді біріктірудің бұл моделі АТФ банктің қажетті қосымша провизиялар құру жөніндегі ағымдағы міндеттемелерін реттеуді, оны кейіннен Jýsan банктің сатып алуын және реттеушінің талаптарына сәйкес тәуекелдерді өтеу үшін капиталдың жеткілікті деңгейін қалыптастыруды көздейді», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 2 қарашада Jýsan Bank пен АТФ банк акционері Ғ.Есенов Jýsan Bank-тің АТФ банк акциясының 99,76 пайызын сатып алуы туралы алдын ала келісімге қол жеткізгені хабарланды.


Соңғы жаңалықтар