Қаржы нарығын реттеу агенттігі алаяқтарға алданбас үшін не істеу керектігін айтты

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі инвестициялық қызметпен байланысты алаяқтық жағдайлардың жиілеп кетуіне орай, азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің баспасөз қызметінде мәлімдегендей, қазақстандықтар өздерін Қазақстанда және одан тысқары жерлерде жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстыратын алаяқтарға тап болуда.

Алаяқтардың көпшілігі WhatsApp, Telegram, әлеуметтік желілер, электрондық пошта арқылы әрекет етеді, «суық» қоңыраулар пайдаланады. Бұл ретте қылмыскерлер өздерін инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстырып, бағалы қағаздарға ақша салуды ұсынады.

Алаяқтар әлеуетті құрбанына жоғары инвестициялық кіріс, консультациялар алуға, ілеспе қызметтер көрсетуге уәде етеді, ол үшін жалған брокерлік шоттарға түрлі сома аударуды өтінеді.

Ақша аударылған соң, алаяқтар клиент өз қаражатын ішінара немесе толығымен алғысы келген сәтке дейін онымен ынтымақтаса жұмыс істейді.

Одан соң әдетте «салымшылардың» жалған брокерлермен қарым-қатынас орнатуында қиындықтар туындай бастайды, тіпті көптеген жағдайларда алаяқтар алдыңғы салынған қаражатты толық алу үшін қосымша сома салуды талап етеді.

Агенттік реттеушінің лицензиясы жоқ компаниялармен шарттар жасасып, өзара іс-қимыл жасау кезінде клиенттер барлық болуы мүмкін тәуекелді өздері қабылдайтынын атап өтеді.

Осыған орай, жеке мүлкін сақтау үшін агенттік қазақстандықтарға мынадай қарапайым ережелерді басшылыққа алуға кеңес береді:

1. Қазақстан аумағында брокерлік қызметті және инвестициялық портфельді басқару қызметін лицензиясы бар субъектілер ғана жүзеге асыра алады. Компанияда лицензияның болуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан тексеруге болады.

2. Сонымен бірге өкілдер сілтеме жасайтын сайтқа немесе инвестициялық компанияның қосымшасына кіріп, барлық орналастырылған ақпаратты, оның ішінде қаржылық есептілікті, уәкілетті органның лицензиясын, үлгілік шартты, сондай-ақ, басқа да ілеспе құжаттар мен ақпаратты мұқият зерделеу қажет. Қажет болған жағдайда, өзара іс-әрекет ықтимал алаяқпен емес, кәсіби қатысушымен жүзеге асырылатынына көз жеткізу үшін ресми ресурста көрсетілген байланыс деректемелеріне қоңырау шалу керек.

3. Жарнамаға әрдайым сақтықпен қарау қажет: БАҚ-тағы, интернет-ресурстардағы, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жоғары кірістілікке уәде еткен, шамадан тыс жарнама көбіне алаяқтық болып табылады. Бағалы қағаздар нарығындағы лицензияланған кәсіби қатысушыларға жоғары кірістілікке не инвестициялаудан шығын болмайтынына кепілдік беруге тыйым салынады.

4. Әрқашан деректерді қайта тексеріңіз, әлі көрсетілмеген қызмет немесе алынбаған тауар үшін төлем жасамаңыз, белгісіз шоттар мен телефон нөмірлеріне ақша аудармаңыз, интернет желісіндегі күдікті сілтемелерге өтпеңіз және банктік карталарыңыздың деректерін хабарламаңыз.

«Осындай компаниялардың іс-әрекетіне арыз-шағымдардың жиілеп кеткенін ескере отырып, олар туралы ақпарат құқық қорғау органдарының назарына жедел жеткізіледі. Бұдан басқа, агенттік Қазақстан аумағында осындай компаниялардың сайттарын бұғаттау мүмкіндігі туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хат жіберіп отырады. Қарапайым ережелерді сақтау қаржылық шығындарды, негізсіз тәуекелдерді, сондай-ақ, жеке ақпарат жария болмайды»,- деді Агенттіктің баспасөз қызметінде.


Соңғы жаңалықтар