Қаржы министрлігінің ревизорлары Қарағанды облысының спорт басқармасынан пара бопсалаған

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ҚР Қаржы министрлігінің республикалық көшпелі комиссиясы мүшелерінің пара бопсалауына байланысты оқиғаға түсініктеме берді.

«14 қазаннан бастап біздің басқармамызда ҚР Қаржы министрлігінің кешенді жоспарлы тексерісі жүргізілді. Тексеріс 2013 жылғы 1 қаңтар мен 2015 жылғы 15 қыркүйек аралығындағы кезеңді, яғни 2 жыл 9 айды қамтыған. Ешқандай заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Алайда комиссияның басшысы мен мүшелері басқарма есепшісінен «жақсы акті» жасау үшін пара сұраған», - деді Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Наталья Сухорукова.

Өтініш бойынша жедел тексеріс жүргізіліп, соның нәтижесінде комиссияның басшысы ұсталды. Қазіргі уақытта сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасындағы экономика және қаржылық қамту бөлімінің басшысы Гүлсина Филиппованың айтуынша, параны көшеде берген. «Тексерушілер үшеу болған - комиссияның басшысы және оның екі мүшесі. Олар әуелі 4 миллион теңге, оған қоса бір фирманың спорттық киімнің толық үш жиынтығын сұраған. Одан кейін, спорт киімін өздері алатын болып шешіп, оның орнына соманы өсірді. Комиссияның басшысы өзі келгенімен, талаптарын өзі айтпай, ревизорлар арқылы айтып жіберген. Талаптарын орындамаса, барлық спорт мектептерінен қандай да бір бұзушылықтарды тағы ревизорлар қосып, одан әрі іздейтінін, ақыры бәрібір табатындарын айтып қоқан-лоқы көрсеткен», деп хабарлады басқарманың қызметкері. Бұған дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарланғандай, Қарағандыда 4,6 млн. теңге көлемінде пара алғаны үшін ҚР Қаржы министрлігі республикалық көшпелі комиссиясының төрағасы, Жамбыл облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы Қанат Төреқожаев ұсталды. 7 қарашада Қарағанды облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі оған қатысты қылмыстық іс қозғады. «Лауазымды тұлғаның облыс әкімдігінің бюджеттік қаражатты жұмсау және мемлекеттік сатып алуларды өткізу қорытындылары бойынша мәселені «оң шешу» үшін «Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ-нің бас есепшісінен 4,6 млн. теңге сомасында пара алғаны анықталды», делінген хабарламада. Қазіргі уақытта ұсталған азамат Қарағанды облыстық ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Соңғы жаңалықтар