Қаржы министрлігінде мемқызметтің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржы министрлігінде мемлекеттік қызметтің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы министрлігі бүгінде мемлекеттік қызметтің 50 түрін көрсетеді, оның 46-сы немесе 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 11 айында 17,9 млн-ға жуық қызмет көрсетілген. Олардың 17,4 млн-ны немесе 97,2 пайызы электронды түрде», - деді Е. Жамаубаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, негізгі қызмет түрлері салық салу мен кеден бағытына тиесілі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдерін қысқарта отырып, мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциялау азаматтар мен бизнестің уақыты мен шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызмет көрсетушімен тікелей қарым-қатынас азаяды.

«Бұл коррупциялық тәуекелді барынша қысқартуға мүмкіндік береді. Салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін қызметтерді «eGov mobile» мобильді қосымшасына және банктік қосымшаларға көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар Қаржы министрлігі қызметінің барлық бағыттарын қамтиды. Атап айтсақ, бұл: стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, бюджеттің орындалуы, мемлекеттік аудит және камералдық бақылау, салықтық және кедендік әкімшілендіру», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар