Қаржы министрлігінде капиталдың шетелге жылыстауымен күресетін ведомство құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы министрлігінің екі ведомствосының бірігуі арқылы құрылатын жаңа орган капиталдың шетелге шығарылуына жол бермеумен айналысады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таяу уақытта Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі Қаржы мониторингі комитетіне өту нәтижесінде қайта ұйымдастырылатын болады. Бұл тұрғыда тиісті заңнамалық база қабылданып та қойды. Қазіргі таңда тиісті заңнамалық актілерді қабылдау шаралары жүргізілуде», - деді министр.

Оның айтуынша, жаңартылған экономикалық тергеу қызметінің жұмысы барлық қолжетімді ақпарат көздерінен, оның ішінде банктерден және басқа ұйымдардан деректерді өңдеу арқылы сараптамалық және IT-құрауыштарды күшейтуге бағытталады.

«Қаржылық қылмыстардың алдын алуға, орын алған жағдайлар мен себептерді анықтауға, капиталды шетелге заңсыз шығарудың жолын кесуге және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жұмыстарына екпін берілмек», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар