Қаржы министрі Жекешелендіру жоспарын толық орындамаған өңірлерді атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Жекешелендіру жоспарында артта қалған өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 295 нысан сатуға шығарылуы тиіс болатын. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша олардың ішінен 86,1 млрд теңге болатын 36 нысан бәсекелес ортаға берілді, 32-сі қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді, 146 объекті сауда-саттықта тұр. Жоспар объектілерінің 80% жуығын сатуға шығару үшін жыл соңына дейін тағы 81 нысан шығарылмақ», - деді Қаржы министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Е. Жамаубаев биылғы қыркүйек-қараша айларында бұл мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, қажетті іс-шараларды жеделдету бойынша тиісті тапсырмалар бергенін айтты.

«Нәтижесінде мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына жаңадан енгізілген 13 нысан бойынша жол карталары енгізілді. Сонымен қаттар коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 24 нысаны бойынша жол карталары өзектендірілді. Бұған дейін бұл нысандарды сатуға шығару мерзімдері айқындалмаған болатын. Жақында Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында IPO арқылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын орналастыру процесі басталды», - деді ол.

Негізінен өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбісі Кешенді жоспар объектілерінің 80%-ін сатуға шығарған. Бұл ретте жекелеген өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар нысандарды сатудың 90-100%-ін қамтамасыз етті.

«Дегенмен, 7 өңір мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары көзделген көрсеткішке сәйкес дер негізінде нысандарды сатуға шығарып үлгермеген. Ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында байқалады. Баяндалғанды ескере отырып, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың басшылары Кешенді жоспар шараларын ерекше бақылауға алып, оның толық орындалуын қамтамасыз етулері қажет деп есептейміз», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кетейік, Үкімет отырысында «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» орындалуы қаралып жатыр.


Соңғы жаңалықтар