Қаржы министрі жаңа Кеден кодексінің маңызды тұстарын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысында жаңа Кеден кодексінің жобасына енгізілген кедендік әкімшілендіруді жеңілдетудің бес маңызды тұсын атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, мемлекетүсті кедендік кодекстің нормалары ескеріле отырып, бизнес пен кеденнің электронды өзара әрекеттестік басымдылығы бекітілді. Тауарларды декларациялау және шығару процесі автоматтандырылатын болады. Бұдан былай, тәуекелдер болмаған жағдайда ақпараттық жүйе кедендік декларациялар бойынша шешімді санаулы минуттарда қабылдайтын болады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, декларацияны қараудың ең жоғары мерзімі бір жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартылды. Мұндай жаңалық бизнестің шығындарын айтарлықтай азайтады және тауарларды өткізу пункті арқылы тасымалдауды тездетеді.

Екіншіден, әлемдік озық тәжірибелердің үлгісі бойынша транзиттік декларациялар мен жолаушылардың кедендік декларацияларын кеден қызметкерлерінің толтыру мүмкіндігі енгізілді. Бұл брокерлік компаниялар қызметіне балама болып табылады.

Үшіншіден,  «Мемлекет және бизнес серіктестігі» принципін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті экономикалық операторларға арналған жеңілдіктер қайта қаралды. Енді олар Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағындағы транзит кезінде қосымша жеңілдіктерге ие болады.

Төртіншіден, алдынғы қатарлы ақпараттық технологиялар мен шешімдерді  қолдану мақсатында жаңа норма - электронды кедендік ілесу  енгізілді. Ол қазіргі уақытта қолданылып жүрген тауарларға физикалық ілесіп жүруді алмастыратын болады.

Бесіншіден, кедендік әкімшілендірудің төлемдер бөлігі жетілдірілді, соның нәтижесінде кедендік төлемдерді алдағы міндеттемелер есебінен аванспен енгізу, сондай-ақ оларды кедендік төлемдердің, салықтардың төленуіне пайдалану мүмкіндіктері бекітілді.

Сонымен бірге, Қаржы министрі жаңа Кодекс күшіне енген соң мемлекеттің және бизнестің өзара әрекеттестігі жаңа деңгейге шығатынын және сыртқы экономикалық қызмет оңтайланып, реттеле түсетінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар