Қаржы министрі Ұлттық қордың өсуіне ықпал ететін қадамды айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орта мерзімді кезеңде трансферт сомасы біртіндеп қысқаратын болады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есеп комитеті Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаражаттардың басқа мақсаттарға жұмсалғаны туралы атап өтті. Өткен жылы Ұлттық қорға жіберілуі тиіс барлық салықтар мен төлемдер толық көлемде аударылды. Қарашығанақ жобасына қатысты арбитраждық даулардың қорытындылары бойынша қаржылық өтемақыны аудару бюджеттік сыныптамаға және заңнамаға сәйкес «Республикалық бюджетке салықтық емес басқа да түсімдер» кодына түсті. Яғни бәрі мақсатқа және заңға сай. Бұл ретте, Ұлттық қордың активтері 2020 жылы 744 млрд теңгеге өсті», - деді Е. Жамаубаев Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде.

Оның айтуынша, қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 4,1 трлн теңге құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп.

«Келешекте кепілдендірілген трансферт бойынша контрциклдық қағиданы қолдану үшін Бюджет кодексіне тиісті түзетулер қабылданды. Кепілдендірілген трансферт мұнайдың консервативтік бағасы кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер мөлшерінен аспайтын көлемде айқындалатын болады. Яғни орта мерзімді кезеңде трансферт сомасы біртіндеп қысқаратын болады. Бұл мұнайға қатысты емес тапшылықтың төмендеуіне және Ұлттық қордың өсуіне ықпал етеді», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар