Қаржы министрі үкіметтік қарыздың көлемін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан орта мерзімді кезеңде өзінің борыштық міндеттемелерін орындай алады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджетке борыштық жүктемені төмендету бойынша шаралар қабылданды. Тапшылықтың мөлшері сыртқы мемлекеттік қарыз алуды азайту есебінен ЖІӨ-ге шаққанда 2,6 пайыздан 1,2 пайызға дейін қысқарды. Борыштық қаржыландыруда басымдық ішкі көздерге берілген», - деді министр.

Оның айтуынша, 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 14,5 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 24,8 пайызын құрады.

«Мемлекеттік борыштың жалпы көлемінің 76 пайызын үкіметтік қарыз құрайды. Ол - 11 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 18,8 пайызы. Үкіметтік борыштың жалпы көлемінде ішкі борыш 55 пайызды құрайды, ал 45 пайыз - сыртқы борыш», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, Үкіметтің күш-жігері үкіметтік борыштың абсолюттік көрсеткіштерін қысқартуға емес, оны қауіпсіз деңгейде ұстауға бағытталған. Борыштық жүктеме халықаралық рейтингтік агенттіктердің ұсыныстарына сәйкес 2018 жылы 15 пайыздық лимитте 12,2 пайыз деңгейінде қалыптасты.

«Осылайша, қазіргі уақытта үкіметтік борыш деңгейі мен оған қызмет көрсету және өтеу бойынша ағындар рұқсат етілген және қауіпсіз шекте. Қазақстан орта мерзімді кезеңде өзінің борыштық міндеттемелерін орындай алады»,- деді Ә.Смайылов.

Соңғы жаңалықтар